Мемлекет есебінен шетелде ем: кімдер үміткер бола алады?

Мемлекет есебінен шетелде ем: кімдер үміткер бола алады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 70-тен астам қазақстандық жоғары технологиялық медициналық көмек алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Светлана Пономарева мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан азаматтарын шетелде емдеуге жіберу және шетелдік мамандарды еліміздің медициналық ұйымдарына тарту жөніндегі арнайы бағдарлама шеңберінде 77 пациент медициналық көмек алды. Оның 70-і шетелдік клиникаларда емделсе, тағы жеті адам Қазақстандағы медициналық ұйымдарда шетелден шақырылған дәрігерлердің қатысуымен ем қабылдады.

Аталған бағдарлама тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жұмысшы орган ретінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры айқындалған. Қор пациенттердің құжаттар топтамасын қалыптастырып, оларды шетелдік клиникаларға жолдайды, емдеу бағдарламалары бойынша ұсыныстар алып, кейін шешім қабылдау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссияның қарауына ұсынады. Пациенттерді шетелде емдеуге жіберу тәртібі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №45 бұйрығымен бекітілген қағидалармен реттеледі.

Қор өкілінің айтуынша, шетелде ем алуға ең алдымен 18 жасқа дейінгі балалар үміткер бола алады. Олар Қазақстанда көрсетілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмекке медициналық көрсеткіштері болған жағдайда жіберіледі. Ал ересек азаматтар тек Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен аурулар тізбесіне сәйкес шетелдік клиникаларға жолданады. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері де ерекше жағдайларда шетелде емделуі мүмкін. Мұндай шешімдер Қазақстанда тиісті медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда Президенттің немесе Премьер-Министрдің тапсырмасы негізінде қабылданады.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында пациенттердің емделуіне бір миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бір жағдайдың орташа құны шамамен 13 миллион теңгені құрайды. Алайда бұл көрсеткіш ауру түрі мен емдеу әдісіне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, қан ауруларына шалдыққан бір пациентке шамамен 35 миллион теңге, несеп-жыныс жүйесі аурулары бойынша 32 миллион теңге, ал неврологиялық аурулар бойынша 17 миллион теңгеге жуық қаражат бағытталған.

Осы кезеңде ең көп ем қабылдағандар туа біткен ақаулары бар 32 азамат пен онкологиялық ауруларға шалдыққан 26 пациент болды. Қолданылған емдеу технологияларының қатарында туа біткен тамыр ақауларына жасалған операциялар, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған протондық терапия, радиоактивті йодпен емдеу, сондай-ақ бауыр трансплантациясы мен кардиохирургиялық операциялар бар.

Биыл пациенттерді емдеу үшін ең жиі таңдалған елдер Германия, Түркия және Үндістан болды. Сонымен қатар Қазақстан азаматтары Ресей Федерациясына, Беларуське және Испанияға да емделуге жіберілген.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, шетелде емделуге үміткер пациенттердің құжаттарын өңірлік денсаулық сақтау басқармалары дайындап, республикалық деңгейде қарауға ұсынады. Осыған байланысты бағдарлама талаптарына сай келетін азаматтар алдымен өз өңіріндегі денсаулық сақтау басқармасына жүгінуі тиіс. Республикалық комиссияның шешімінсіз өз бетінше шетелде емделген азаматтардың шығындары мемлекет тарапынан өтелмейді.