Қазақстандықтар мемлекеттік сервистерді телефон балансынсыз пайдалана алады

Қазақстандықтар мемлекеттік сервистерді телефон балансынсыз пайдалана алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстандықтар ұялы телефон шотында қаражат болмаса да мемлекеттік цифрлық сервистерді пайдалана алады. Тиісті түзетулерді Сенат мақұлдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жаңа өзгерістер азаматтарға телефон балансынан тәуелсіз eGov, eGov Business, eOtinish және басқа да мемлекеттік сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, заң цифрлық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және байланыс сапасын жақсартуға бағытталған. Құжат мобильді құрылғыларды тексеру жүйесін жетілдіруді, «112» қызметін дамытуды, сондай-ақ интернет қамту аймағын кеңейту үшін байланыс нысандарын салу рәсімдерін жеңілдетуді көздейді. Бұл әсіресе ауылдық және шалғай елді мекендер үшін маңызды.

Сондай-ақ деректер орталықтарын дамытуға және цифрлық инфрақұрылымға инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтады деп күтілуде.