«Мен ұсынған 7 кітап»: Қазақстанда жаңа оқырмандық челлендж басталды

«Мен ұсынған 7 кітап»: Қазақстанда жаңа оқырмандық челлендж басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ұлттық кітап күніне орай баспалар мен кітап сүйер қауым арасында ерекше эстафета жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сәуірдің 13-і мен 23-і аралығында елімізде Кітапханашылар күніне арналған онкүндік өтуде. Осы шара аясында Оқу-ағарту министрлігінің арнайы орталығы баспалар арасында «Мен ұсынған 7 кітап» челленджін бастады. Жобаның басты мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін жаңғырту және ұлттық әдебиетті дәріптеу.

Бастамаға сәйкес, отандық баспалар өз қорларынан ең үздік деген жеті туындыны таңдап, оларды әлеуметтік желілерде көпшілікке ұсынады. Бұл оқырмандардың жаңа әрі сапалы әдебиеттермен танысуына жол ашпақ.

Айта кетейік, челленджге кез келген қазақстандық қатыса алады. Ол үшін өзіңіздің сүйікті жеті кітабыңыз туралы пікір жазып, әлеуметтік желіде #Ұлттықкітапкүні2026 хэштегімен бөлісу жеткілікті.