Павлодарлық кітапхана өңірдің жабайы өсімдіктері туралы кітаппен толықты
Өңірде кітапханаға кітап сыйлау акциясы жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қоры тағы бір жаңа кітаппен толықтырылды. «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы аясында Ә. Марғұлан атындағы ППУ-дің оқытушы – эксперті, магистр Баян Баймурзина «Съедобные и технологические дикорастущие растения Павлодарской области» (Авторлары: Тарасовская Н.Е., Баймурзина Б.Ж., Суханова Н.В., Шакенева Д.К-К.) атты оқу-әдістемелік құралын сыйға берді.
– Бұл кітап экологиялық тәрбие беруде, өңірдегі өсімдіктер әлемін танып білуде, экологиялық этика мен ұтымды табиғат пайдаланушылардың дағдыларын қалыптастыру тұрғысынан пайдалы болады, – деді кітапханада.
Айта кетейік, облыстық кітапханада «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы жалғасуда. Акцияның тоғыз күнінде кітапхана қоры 100-ден астам кітаппен толығып, тұрақты оқырмандар, студенттер, зиялы қауым өкілдері тарапынан қолдау тауып отыр.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері және құрметті журналист, көптеген шығармалардың авторы Юрий Поминов кітапханаға «Просто жизнь... Записки редактора» (2022), «Блестки» (2020) атты кітаптарының толықтырылып, қайта басылған нұсқаларын сыйлады.
Филология ғылымдарының докторы, Әлкей Марғұлан атындағы ППУ профессоры Сүтжан Сейфитден өзінің «Қазақ-түркі әдеби байланыстары» (2013), «Мәшһүртану курсы: оқу құралын» (2019); Бекен Ыбырайымовтың «Аспандағы саяхат: ертегі-хикаят» (2019) кітаптарын сыйға тартты.
Ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Еламан Қабділәшім өзінің жеке кітапханасынан: «Ұлтымның құрсағы алтын құт анасы: Баянауыл туралы өлеңдер жинағын» (2020), Файзулла Төлтайдың «Қос есікті түстер», Санжар Керімбайдың «Қисса сүл-әнбия» экзистенциялық талдауын және т.б. кітаптарды табыстады.