Мыңдаған кәсіпкерлерге қатысты: АСР бойынша маңызды өзгерістер талқыланды
Негізгі тақырып – оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астана қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп өткізген семинар-кеңес аталған тізімге қатысты нормаларды түсіндіруге арналды.
Кездесу 2026 жылдан бастап күшіне енетін Салық кодексінің жаңа талаптарына барынша жеңіл өтуді қамтамасыз ету үшін билік пен бизнестің өкілдерін біріктірді. Семинарға МКК төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Нұрлыбек Шаймаханов және «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қатысты. Тимур Жаркенов кәсіпкерлерді дер кезінде және толық ақпараттандырудың маңызын атап өтті.
– Жиында оңайлатылған декларация негізінде АСР қолданылмайтын қызмет салаларын шектеу мәселесі талқыланды. Егер кәсіпкердің қызмет түрі ресми тыйым салынған тізімге кірмесе, ол «оңайлатылған» режимді әрі қарай қолдана алады. Қазіргі таңда патент немесе мобильді қосымша негізіндегі АСР пайдаланатын салық төлеушілер «өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған» АСР-ға өте алады. МКК өкілі Ерқанат Шыңбергеннің айтуынша, бұл режимнің маңызды артықшылықтарының бірі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажет еместігі. Мұндай азаматтар 2026 жылдың 1 наурызында автоматты түрде тіркеуден шығарылады, ал режимді қолдану «е-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чек шыққан күннен басталады, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Кәсіпкерлер арасында B2B форматтағы жұмысқа қатысты алаңдаушылық болған. Тимур Жаркенов оңайлатылған режимдегі компаниялардың өзара жұмыс істеуіне рұқсат бар екенін және шығындарды шегеру бойынша шектеулердің тек жалпы белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін кәсіпорындарға қатысты екенін атап өтті. Жаңа АСР-дың жылдық табыс лимиті 2,4 миллиард теңге болып бекітілуі шағын және орта бизнеске өз қызметін жалғастыруға толық мүмкіндік береді.
– Семинарда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап оңайлатылған режимдегі салық төлеушілер тауарды айналымға шығару бойынша ҚҚС төлеушілер қатарына жатпайтыны түсіндірілді. Сондай-ақ, бұл режимге ауысқан қазіргі ҚҚС төлеушілері тіркеуден шығып, жою есебін тапсыруы тиіс. Қатысушыларға ЖСН/БСН енгізу арқылы контрагенттің салықтық режимін тексеруге мүмкіндік беретін ашық сервис 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін іске қосылатыны хабарланды, – делінген хабарламада.
Кеңес қорытындысында Тимур Жаркенов барлық ұсыныстар мен сұрақтар жинақталып, мемлекеттік органдармен бірге пысықталатынын және кәсіпкерлерге тарату үшін арнайы жадынама дайындалатынын айтты.