«Таза Қазақстан»: Павлодарда қараусыз қалған ғимараттар тексерілді

«Таза Қазақстан»: Павлодарда қараусыз қалған ғимараттар тексерілді
ЖИ иллюстрациялық суреті

Қараусыз қалған нысандар қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігіне де қатер төндіруі мүмкін,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы полиция басқармасы оңтүстік полиция бөлімінің №14 учаскелік полиция пунктінің инспекторлары өздеріне бекітілген аумақты аралады. Тексеру кезінде тұруға жарамсыз әрі ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай келе жатқан тұрғын үй анықталды. Қараусыз қалған ғимарат баспанасыз адамдардың жиналатын орнына айналған. Нысан аумағында санитарлық талаптардың сақталмауы, қоқыстың жиналуы және спирттік ішімдіктерді тұтыну белгілері байқалған. Бұл жағдай маңайдағы тазалыққа кері әсер етіп, жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып отыр.

Полиция майоры Нұрлан Байдікеновтің айтуынша, жылжымайтын мүлік иесін анықтау мақсатында көршілес үйлердің тұрғындарымен әңгімелесу жүргізілген. Кездесу барысында нысанның ұзақ уақыт бойы қараусыз қалу себептері мен меншік иесіне қатысты мәліметтер нақтыланған.

Меншік иесі анықталғаннан кейін оған аумақты тиісті санитарлық жағдайға келтіру қажеттігі түсіндіріліп, профилактикалық әңгіме жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес апатты ғимаратты қалпына келтіру немесе бұзу мәселесі қарастырылады.

Учаскелік инспекторлардың мұндай профилактикалық жұмыстары құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ қала аумағында тазалық пен тәртіпті сақтауға бағытталған.