Павлодар облысында жер беру тәртібі цифрландырылады

Павлодар облысында жер беру тәртібі цифрландырылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде 940 мың гектарға жуық пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов мемлекетке қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мәселесін қарауға арналған жиналысқа қатысты. Аймақта 2022-2025 жылдар аралығында мемлекетке пайдаланылмай жатқан 940,6 мың га жер қайтарылған. Оның 930,8 мың гектары немесе 98,9%-ы ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Тағы 188,9 мың га жер ауыл тұрғындарының қажеттілігіне, негізінен жайылым ретінде қайта бөлінді. Ал 7,3 мың га жер Екібастұз қаласында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін резервке алынды. 

Биыл 70 мың га жерді қайтару жоспарланғанымен, нақты көрсеткіш 82,8 мың гектарды немесе жоспардың 118%-ын құрады.

– Мемлекетке қайтарылған жер пайдаланылуы керек. Ең алдымен, ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету қажет. Жер ресурстары пайдаланылмай жатқан кезде адамдардың жайылым тапшылығын сезінуіне жол беруге болмайды. Жер бөлу кезінде жұмыс істеуге, өндірісті дамытуға және жұмыс орындарын ашуға дайын азаматтарға басымдық берілуі тиіс, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Енді жаңа жылдан бастап жер учаскелерін беру конкурстарын электрондық форматқа көшіру жоспарлануда. Жерді бөлу кезінде өзекті топырақ карталары, жерді бонитеттеу материалдары мен геоботаникалық зерттеулердің нәтижелері ескерілетін болады.

Облыс әкімі 2027 жылға арналған бюджетте жер учаскелерін паспорттауға қаражат қарастыруды және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Басым міндеттердің қатарында ауыл шаруашылығы жерлерінің адал жер пайдаланушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету, жайылым тапшылығын жою, жер беру рәсімдерін цифрландыру және топырақ құнарын сақтау міндеті тұр.