Павлодарда кітапхана қызметкерлері арасында фотобайқау басталды

Павлодарда кітапхана қызметкерлері арасында фотобайқау басталды
Фото: Кітапханадан

Байқау – қызметкерлердің шығармашылық қабілетін дамытуды көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жуырда С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы тамаша бастаманы қолға алды. Бұл жолы рухани орда оқырмандар арасында емес, қызметкерлерінің шағырмашылығын арттыруға ден қойған. Яғни кітапхана қызметкерлері арасында кітап пен оқырманның үйлесімін, кітапханашы мамандығының ерекшелігін танытуға бағытталған «Кітап және мен» фотобайқауы басталды.

– Байқаудың мақсаты – кітапхананың ерекше атмосферасын көпшілікке көрсету, кітап пен адамның байланысын дәріптеу, сондай-ақ қызметкерлердің шығармашылық қабілетін дамыту. Сайыс барысында қатысушылар кітапхана кеңістігінде кітаппен түскен фотосуреттерін ұсынады. Ал біз күн сайын ең әсерлі әрі ерекше суреттерді көпшілік назарына жариялап отырамыз, – дейді кітапхананың баспасөз хатшысы Тілеуберді Сахаба.

Ұйымдастырушылар, байқаудың жеңімпазын анықтау кезінде әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділігі ескерілетінін атап өтті. Мәселен, жарияланған фотосуреттерге жиналған лүпілдер, пікірлер және қатысушылардың парақшасына жазылған жаңа оқырмандар саны назарға алынбақ.

Сонымен қатар, байқау нәтижесін әділ бағалау үшін арнайы комиссия құрылып, қатысушылардың жұмысына кәсіби тұрғыдан баға беріледі.

Кітапхана ұжымы көпшілікті байқауға қолдау білдіріп, ұнаған фотосуреттерге лүпіл басып, жылы пікір қалдыруға шақырады.