Павлодар облысында Ертіс навигациясын цифрландыру жобасы таныстырылды

Павлодар облысында Ертіс навигациясын цифрландыру жобасы таныстырылды
Фото: Константин Шелков

Жаңа жүйе өзендегі қауіпсіздікті күшейтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста өзен көлігі инфақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа цифрлық технологиялар таныстырылды. Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында Ресей Федерациясының Томск қаласындағы «Жартылай өткізгіш құрылғылар ғылыми-зерттеу институты» АҚ өкілдерімен кездесу өтті.

Іс-шара Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Омбы облысының сауда-өнеркәсіп палаталары одағы арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында мамандар «Томь» өзендік навигациялық шамдарын бақылау және басқару жүйесінің мүмкіндіктерін таныстырды.

Жоба су жолдарындағы навигациялық жабдықтардың жұмысын қашықтан бақылауға және басқаруға мүмкіндік береді. Мұндай шешімдер кеме қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, өзендегі бағдарлау жүйесінің тиімділігін күшейтуге және су көлігі инфрақұрылымын заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.

Кездесуге қатысушылар аталған технологияларды Ертіс өзенінде қолдану перспективаларын талқылады. Сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізу арқылы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестициялық тартымдылығын күшейту мәселелері қарастырылды.

Бүгінде Ертіс өзені өңір экономикасында маңызды рөл атқарады. Сондықтан, өзен көлігі саласын дамыту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы заманауи жобаларды енгізу өзекті болып отыр. Бұл жұмыстар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етуі мүмкін.

Павлодарлықтар үшін логистика, инфрақұрылым және өңірдің инвестициялық әлеуетін дамытуға ықпал ететін озық технологиялық шешімдерді зерттеп, енгізу маңызды, — деп атап өтті облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылап, институт әзірлеген өнімдерді өңірде пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударды. Сонымен қатар, болашақтағы бірлескен жобаларды іске асырудың ықтимал бағыттары қарастырылды.