Павлодар облысының жолдарында аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылады
Бұл жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында жол және қоғамдық қауіпсіздіктің цифрлық жобасын енгізу мәселесі талқыланды.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақтағы жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жылдамдықты арттыру. Өкінішке орай, 20% жағдайда адамдар қайтыс болады. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркеу құралдарымен жарақтандыру деңгейі бойынша біздің облыс республикадағы 20 өңірдің ішінде 19-шы орында тұр.
Мамандардың пікірінше, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін автоматтандырылған жүйелерді енгізу қажет. Олардың жұмысы полиция департаментінің ЖБО мүмкіндіктерін кеңейтуге септігін тигізеді.
Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының көшелерінде, қиылыстарында және тас жолдарында, сондай-ақ облыстың 10 ауданында барлығы 390 аппараттық-бағдарламалық кешен мен 6500-ден астам бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда.
Бірнеше фирма өздері әзерлеген жүйелерін ұсынып, жобаны жүзеге асыруға ниет білдірді.
– Бейнебақылау жүйесінің ең басты міндеті – айыппұлдар арқылы табыс табу емес. IT-шешімдер халықтың қауіпсіздігін, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және қылмыс деңгейін төмендетуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жобаны іске асырудан тек әлеуметтік-экономикалық нәтиже ғана емес, оның артында құтқарылған өмірлер тұруы тиіс, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Жиналыстың қорытындысы бойынша аймақ басшысы цифрландыру басқармасына ұсынылған жобалардың әрбірін егжей-тегжейлі қарастыруды және қыркүйек айының соңына дейін әрбір әлеуетті өнім беруші бойынша есеп ұсынуды тапсырды.