Нөмірін бұғаттаған: Павлодарда студент 400 мың теңгесін қайтарып алды
Тұтынушы қалалық сотқа жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, биыл тұтынушы қаңтар айында Instagram әлеуметтік желісінде құны 374 900 теңге тұратын компьютерді сату туралы жарнаманы көріп, бөліп-бөліп сатып алу туралы шешім қабылдайды. Себебі, магистратурада оқыған соң диссертация үшін материалдарды зерттеу қажет болған.
Сатып алушының айтуынша, интернет-дүкенде бөліп төлеуді ресімдеу кезінде ЖШС атауы басқаша болған, алайда компьютердің төлем шотын басқа ЖШС қойған. Әрі қарай банктен компьютерді бөліп-бөліп сатып алу туралы шартты ресімдеуге келісім келген.
– Осылайша, үш жақты келісімге қол жеткізілген. Банк келісім шарттары бойынша интернет-дүкен сатушысына компьютердің құны мөлшерінде ақша жібереді. Ал сатып алушы компьютердің құнын төлеу туралы чекті сатушыға жіберген. Алайда, интернет-дүкен төлем жасағаннан кейін компьютерді сатып алушыға сату және жеткізу міндетін орындамаған. Сатушы WhatsApp мессенджеріндегі көптеген қоңыраулар мен хат-хабарларға жауап бермеген, – дейді департаментте.
Бұған қоса, интернет-дүкен өкілі сатып алушының нөмірін бұғаттаған. Бұдан әрі тұтынушы Павлодар қалалық сотына ЖШС-ден ақшалай қаражатты және моральдік зиянды өтеу туралы талап арызбен жүгініп, Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті үшінші тұлға ретінде қатысқан.
Павлодар қалалық сотының шешімі бойынша тұтынушының талаптары ішінара 405 494 теңге көлемінде қанағаттандырылды. Еске сала кетейік, егер тұтынушы осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша немесе E-otinish.gov.kz өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы, E-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі немесе 8(7182)551070 сенім телефоны арқылы жүгіне алады.