ДКО: Баянауыл ауданында бұлақтан торсықпен су алынды
Бұл рәсімді белгілі спортшы Дархан Жоламанов орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді. Оған дейін алау эстафетасы ұйымдастырылады. Бірақ бұған дейінгі көшпенділер ойындарының басты қасиетті нышаны және негізгі элементі су болған. Іс-шара қарсаңында Қазақстанның барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларында жергілікті қасиетті бұлақтардың бірінен Дүниежүзілік ойындардың ашылу рәсіміне апарылатын су алынады.
– Қазақта су тіршіліктің нәрі деп есептеледі. Осыған орай Торайғыр ауылында Әулие бұлақтың басына барып, Су алу рәсімін өткіздік. Батырдың рөлін әйгілі спортшы, қазақ күресі федерациясының президенті Дархан Жоламанов сомдап, бұлақтан торсықпен су алды. Енді сол су 8 қыркүйекте көшпенділер ойынында қазақтың тайқазанына құйылады. Жалпы, ойындар ашылатын күні еліміздің барлық аймақтарынан келген батырлар қасиетті су толтырылған торсықтарды ұстап шығады, – дейді іс-шараға қатысқан Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі Данияр Жұмаділов.
Торсықпен алынған су 30 тамыз – Конституция күніне орай «Ertis Promenade» сахнасына әкелініп, бата беріледі. Бұдан әрі орталық алаңда құрметке ие болған керуен Қазақстанның астанасына аттанады.
Еске сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Әлемдік додаға 89 елден 2800-ге жуық қатысушы келеді деп күтілуде. Спорттың 21 түрі бойынша 97 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.