Павлодар облысында бала құқықтары жөніндегі уәкіл кедергісіз кездесу өткізуі тиіс
Әрбір жағдай үнемі тұрақты бақылауда болу керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова жеке қабылдау өткізуі үшін аппаратта орын ұйымдастыру туралы тапсырма берді.
– Басқа мектепте білім алған жаңа оқушы келген кезде мектепте ерекше адаптация жасау керек. Себебі, басқалар оны бөтен көріп, жатырқайды, қабылдамайды. Әрине, бұл психологиялық тұрғыдан балаға өте ауыр болады. Сол жұмысқа жауапты адамдармен тығыз жұмыс істеу керек. Мектеп тәрбиенің іргетасын қалауда маңызды орын алады. Буллинг қайдан пайда болды? Бүгінде балалардың арасындағы мейірім жетпейді, – дейді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы білім ордаларында директорлардың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары балалармен тығыз байланыс орнатылуы тиіс екенін еске салды.
– Әрине, бұл – оңай жұмыс емес. 100 мыңнан аса оқушының бірі мекенжайын ауыстырады. Әрбір жағдай үнемі тұрақты бақылауда болу керек. Мектеп балалардың жүрегінде мейірімділікті оятатын мекен болу керек. Бұл өте маңызды. Мейірімсіз алған білім жақсылыққа әкелмейді. Бала құқықтары жөніндегі өкіл жеке қабылдау үшін аппаратта, «Ашық әкімдіктерде» орындар ұйымдастыру керек. Сондай-ақ аудандар мен қалалар бойынша кедергісіз қабылдау жүргізуге мүмкіндік жасалуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, Асайын Байханов білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты орын алған оқиғаларды жасырмау туралы ескерткен.
Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенова әр апта сайын сәрсенбі күні сағат 10.30-дан 12.00-ге дейін Ак. Сәтбаев көшесі, 49 мекенжайы бойынша орналасқан облыс әкімдігінің азаматтарды қабылдау орталығында жеке қабылдау өткізеді. Балалардың құқықтарын қорғаудың барлық өзекті мәселелері бойынша келесі телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: +77074985183.