Орын жеткілікті: Павлодарда қатерлі дертке шалдыққандар апталап кезек күтпейді
Облыстық онкологиялық диспансерде барлығы 200-ден астам төсек-орын бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Онколог дәрігерлер диспансерде стационарлық негізде ем алатын науқастарға төсек-орынның жеткілікті екенін айтады.
– Қазіргі таңда тәулік бойғы стационарда 155 төсек-орын, ал күндізгі стационарда 50 төсек-орын бар. Барлық бөлімдер жоспарлы түрде жұмыс істеп тұр. Науқастар ем алу үшін апталап кезек күтіп отырмайды. Төсек-орындар ішкі қайта бейімдеу арқылы хирургиялық, химиотерапиялық және радиологиялық ем үшін бөлінеді, – дейді онкологиялық диспансер директорының орынбасары Әсел Асқарова.
Диспансерлік бөлімшенің меңгерушісі Сергей Борисенко облыста 2024 жылмен салыстырғанда өлім көрсеткіші төмендегенін айтады. Яғни 2024 жылы онкологиялық дерттен 766 адам қайтыс болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 536 адамға дейін азайды дейді.
– Асқынған жағдайлар үлесі бұрын 14–15% болса, қазір 9,9% қысқарды. Сонымен қатар, диспансерде бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 57,8%-ға жетіп, Қазақстан бойынша ең жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Бұл нәтижелердің барлығы – ерте диагностика мен тиімді емдеудің нәтижесі, – деді дәрігер.
Ақ желеңділердің айтуынша, Павлодарда 15 мобильді бригада жұмыс істейді. Олар науқастарға үйде медициналық көмек көрсетіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда аудандық онколог та қатысады. Сонымен қатар, өңірдегі хоспис тек онкологиялық науқастарды ғана емес, ауыр диагнозы бар басқа пациенттерді де қабылдайды.
Айта кетелік, қазіргі таңда Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде диспансерлік есепте 14 438 адам бар. Олардың ішінде ерлер – 4055, әйелдер – 10 383. Ал 17 жасқа дейін 135 бала есепте тұрса, 60 жастан жоғары 9939 емделуші дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Торакалдық бөлімшенің меңгерушісі Валерий Кравчук өңір тұрғындарын күйзелістен, темекіден, өңделген тағамдардан аулақ болуға шақырады. Аурулардың 60–70%-ы салауатты өмір салтын сақтамаудан болатынын, ал тұқым қуалаушылық факторы шамамен 15% ғана болатынын айтады.
Еске сала кетейік, Павлодардағы онкологиялық диспансерге заманауи техника жеткізіледі. Ол ерте анықталған қатерлі ісігі бар науқастарға жақсы ем алуға мүмкіндік береді.