Павлодарлық қолөнершінің жұмыстары омбылықтарды таң қалдырды
Омбы облысында Ертіс өңірінің II Халықаралық «Сабантуй» мерекесі басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Татарстан Республикасы Үкіметінің және Ресей Федерациясы Омбы облысының бастамасымен Дүниежүзілік татарлар конгресінің қолдауымен Омбыда ll халықаралық Ертіс «Сабантуй» ұйымдастырылды.
Сабантуй – халықты біріктіру, жалпы қуаныш пен көңіл күй мерекесі. Бұл күні татар және башқұрттармен бірге қазақтар, орыстар, украиндықтар, поляктер, белорустар және еліміздегі тағы да басқа ұлт өкілдері мерекені тойлады. Осының бәрі еліміздегі ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті бірнеше рет дәлелдейді.
Сондай-ақ, Павлодар облысы ҚХА татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің «Чишмя» вокалдық ансамблі татар халық әндерін шырқады. Делегация құрамында Железин ауданы татар-башқұрт этномәдени бірлестігі филиалының белсенділері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бар. Жыл сайын кеңінен атап өтілетін бұл мейрам бүгінде татар-башқұрт этностарының ұлттық мерекесі ғана емес, сонымен қатар әртүрлі этностарды біріктіретін ауқымды шараға айналып отыр. «Чишмя» ансамблі мерекенің басты сахнасында өз репертуарындағы әндерді орындайды, ал қолданбалы өнер шеберлері іс-шара қонақтарына өздерінің бірегей бұйымдарын көрсетеді.
– Қолөнер шеберлері ұсынған ұлттық бас киімдер мен табиғи тастардан жасалған әшекейлер көрмесі омбылықтар мен мереке қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды. Жарқын, түрлі-түсті «Сабантуй» мерекесі достық атмосферада өтті, – деп жазылған хабарламада.
«Павлодар облысының татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы» ҚБ «Чишмя» вокалдық ансамблі мен Железин аудандық филиалының өкілдері бар Қазақстандық делегацияны Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев басқарды.
Айта кетейік, аталмыш мерекеге Қазақстан, Қытай және Ресейдің көптеген өңірлерінен келген делегациялардың атынан 40 мыңнан астам адам қатысты.