Павлодарға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жайлы құнды кітаптар жеткізілді

Бұл еңбектерді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі философия, саясаттану және дінтану институты жіберген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде ғылыми айлық шеңберінде «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қазақ қоғамының дамуындағы рөліне арналған дөңгелек үстел өтті.
Конференцияда шетелдік ғалымдар – тарих, филология, философия ғылымдарының докторлары Мәшһүр Жүсіптің тарих, әдет-ғұрып, ислам құндылықтары мен философиясын шолып өтті.
– Конференция екі форматта өтті. Алматы қаласынан академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов «Әл-Фараби және музыка» тақырыбында лекция оқыды, – дейді «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығының кіші ғылыми қызметкері Нәйлә Анафина.
Сонымен қатар, Түркиядан Turk-san.com «Түркі әлемінің мәдениет және өнер баспасының» (TURKSAN) директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Эллада Ғарай Заде Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығы, Украинадан Ирина Зелинская философия ғылымдарының кандидаты, профессор, украиндық философ Григорий Сковорода мен Мәшһүр Жүсіптің еңбектерін, өмірлерін салыстырып, философия құндылықтары туралы дәріс оқыды.
Шара барысында Жүсіпбек Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологиялары ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Еңілік Жұматаева ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі философия, саясаттану және дінтану институтынан жіберілген кітаптарды табыстады. Аталған институттың
филиософия ғылымдарының докторлары, профессорлар Серік Нұрмұратов, Бақытжан Сатершинов, PhD докторы Алмасбек Шағырбаев Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы жазған кітаптарын сыйға тартты.
– Бұл еңбектерді Мәшһүр Жүсіп кесенесіне, Мәшһүртану ғылыми орталығына және «Beisembayev Libraru» ғылыми кітапханасына үлестірді, – дейді Нәйлә Анафина.
Айта кетейік, «Beisembayev Libraru» кітапханасынан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20-томдық шығармалары мен эциклопедиясын, қолжазбаларын оқуға және электронды көшірмелерін де алуға болады.