Павлодар қаласының үш түлегі ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруда

Павлодар қаласының үш түлегі ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруда
Фото: Константин Шелков

Биылғы алғашқы тестілеуге он бірінші сынып оқушыларының 90 пайызы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс мектептерінің 11-сыныптарында 5487 түлек білім алуда. Қаңтар айындағы ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже – 133 балл. Оны Ақсу қаласындағы Қызылжар мектебінің түлегі жинады. Дильбархон Сулайманова – үздік аттестатқа үміткер. 

Өңірде биыл 371 оқушы «Қызыл» аттестатқа үміткер болса, тағы 301 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміт артып отыр. 

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының үш түлегі тестілеуді ағылшын тілінде тапсырған, 54 пайызы – мемлекеттік тілде, қалғаны – орыс тілінде.

– Өңірде түлектерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге кешенді дайындау жалғасуда, – деп нақтылады ведомство. – Жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылып, оқушыларды оқу-әдістемелік және психологиялық тұрғыда қолдауды қамтиды.

Сабақтан кейін 11-сынып оқушылары үшін қосымша сабақтар мен сынақ тестілері өткізіледі. Апта сайын олар 13 бейіндік және міндетті пән бойынша кеңес алады, сондай-ақ ҰБТ пәндері бойынша қосымша екі сағаттық сабақтар ұйымдастырылады.

Оқу жылы басталғалы бері түлектер үшін 34 аудандық диагностикалық тестілеу өткізілді, ал бейсенбі күндері сынақ тестілері тапсырылды.

– Әр пән бойынша талдау жасалып, жиі кездесетін қателер жүйелі түрде сараланады, төмен нәтиже көрсеткен оқушыларға жеке консультациялар қарастырылған, – деп толықтырды мемлекеттік орган өкілдері.

Қазақстанда ҰБТ-ны жылына бес рет тапсыруға болады. Оған қаңтар, наурыз, тамыз айларындағы тестілеулер (ақылы негізде оқуға түсу үшін) және грант конкурсына қатысуға арналған негізгі ҰБТ (мамыр–шілде) кіреді. Негізгі тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік бар.

Еске сала кетейік, биыл түлектерге бейіндік пәнді ауыстырып тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр.