Павлодарлық университетте инклюзивті білім беруді қолдау жобалық кеңсесі ашылды
Торайғыров университетінде іске қосылған инклюзивті білім беру кабинетінде түрлі жабдықтар: интерактивті тақта, диапроектор, Брайль машинасы қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, университетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер білім алады. Өткен жылы мүгедектер арбасында отыратын екі студент оқуын аяқтады. ТОU-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар 60-тан астам студент бар, оның ішінде 22-сі – бірінші курс студенті және біреуі – магистрант.
ҒЖБМ жол картасында ЖОО-ның инклюзивті білім беруге дайындығын қамту 2024 жылға қарай – 60% деңгейінде, 2028 жылға қарай 100% деңгейінде болуы тиіс.
– Қазіргі білім инклюзивті білімге тең қолжетімді болуы керек. Бұл инклюзивті аудитория тек оқу кеңістігі ғана емес, сонымен қатар әрбір студент өз әлеуетін аша алатын орта құруға деген ұмтылысымыздың символы болып табылады, – деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов.
Айта кетейік, Торайғыров университетінде барлық оқу ғимараттары мен кампустары пандустармен, арнайы дәретханалармен, кеңейтілген есіктермен жабдықталған. А оқу корпусында лифт және тік көтергіш, №2 және №3 кампустарда ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің жайлы тұруы үшін арнайы жабдықталған бөлмелер бар.
ЖОО-да инклюзивті білім беру мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курстары жұмыс істейді. Мұндай курстармен университеттің 350 оқытушысын қамту жоспарланып отыр.