Биыл Павлодар облысында қандай әлеуметтік нысандар бой көтереді?

Биыл Павлодар облысында қандай әлеуметтік нысандар бой көтереді?
Фото: Константин Шелков

Өңір басшысы Асайын Байханов қоғамдық кеңес мүшелерімен есеп беру кездесуін өткізіп, 2026 жылға арналған негізгі міндеттерді белгіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Торайғыров университетінде IT және ЖИ саласында оқуға ниетті 18 жастан асқан студенттер мен барлық адамдар үшін «Tomorrow school» білім беру бағдарламасы ашылады. «Қолжетімді интернет» жобасы аясында өңірдің 208 ауылында талшықты-оптикалық байланыс желілері салынады. 

– Биыл облыста ауқымды әлеуметтік жобалар іске асырылады. Мәселен, құрылыс жұмысы басталатын бес ірі нысанның төртеуі облыс орталығында бой көтереді. Олар - екі мұз айдыны мен керлинг алаңдары бар мұз спорт сарайы, 1500 орындық екі концерттік залы бар көпфункционалды конгресс-холл, 5 мың келушіге арналған бассейн мен көркем гимнастика залы бар спорт кешені, 25 мың адамға арналған жаңа футбол стадионы. Бесінші нысан – Екібастұздағы мұз аренасы және бассейні бар көпфункционалды спорт кешені, – деді Асайын Байханов.

Облыс басшысының айтуынша, күзде Павлодардағы құрылысы ұзаққа созылған аквапарктың жұмысы аяқталады. Сонымен қатар, үш жаңа әлеуметтік нысанның құрылысы басталмақ. Ол Усолка шағын ауданындағы 1200 орынды мектеп, Баянауылдағы 140 орынды балабақша және Майқайыңдағы 500 орынды өнер мектебі.

– Сонымен қатар, үш жаңа медициналық мекеме, жеті дене-шынықтыру сауықтыру кешені, Ертіс ауылындағы бассейн және Мичурино ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысы да биыл аяқталады. Жол инфрақұрылымын жақсарту үшін 170 шақырым автожолды жөндеу бойынша 54 жоба, негізінен ауылдық жерлерде іске асырылса, 150 шақырымнан астам инженерлік желілер қайта жаңартылып, 38 әлеуметтік нысан жөнделеді, – деді аймақ басшысы.

Асайын Байханов облыста барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында 1800 орынды екі мектеп пайдалануға берілген. Сонымен қатар, бір жыл ішінде 67 әлеуметтік нысан жөнделді. Инвесторлар қаражатына Аққулы ауданының Тілектес ауылына 90 орынды, Павлодар ауданының Бірлік ауылына 120 орынды, Ертіс ауданының Бұланбай ауылына 28 орынды үш жаңа ауылдық мектебі салынды. Биыл Екібастұз қаласының Атығай ауылында және Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында тағы екі жаңа мектеп ашылады деп күтілуде.

«Ауылдық денсаулықты жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 жаңа медициналық нысан іске қосылды. Баянауылда «BAYANAUL ARENA» спорт кешені ашылды. Сондай-ақ, Успен және Көктөбе ауылдарында екі бассейннің құрылысы аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кітапхана жүйесі жаңғыртылуда. Өткен жылы сегіз қалалық кітапхананың үшеуінде жөндеу аяқталып, қалған бесеуі биыл толық жаңартылады.

Кездесуде өңір басшысы қазір тиімділікті сөзбен емес, іс жүзінде дәлелдеу маңызды екенін атап өтті.