Павлодарда «әлеуметтік патруль» қиын жағдайда қалған тұрғындарды анықтауда
@Pavlodarnews.kz тілшісі облыс орталығында «әлеуметтік патруль» қалай жұмыс жасайтынын анықтап білді.
Қалалық өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығында «әлеуметтік патруль» мобильді қызметі 10 жылдай жұмыс істейді. Аталған патруль әзірленген кестеге сәйкес көшелермен жүріп, үнемі рейдтерге шығып отырады. Мобильді топтың құрамына әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, фельдшер, диспетчер және жүргізуші кіреді. Рейд барысында қызметкерлер көшелерді аралап, құдықтарды, қараусыз қалған ғимараттарды, саяжай учаскелерін тексереді.
– Әлеуметтік патрульдің мобильді қызметкерлері белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтаған кезде оларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, орталыққа жеткізеді. Ол жерде медицина қызметкерінің алғашқы тексеруі, санитарлық өңдеу (душ қабылдау, педикулезге тексеру, шаш пен тырнақты алу және т.б.) сияқты процедуралар жүргізіледі, – дейді Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде.
Орталыққа 2021 жылы 287 адам жүгінсе, 2022 жылы 367 адам көмекке мұқтаж болды. Ал биыл жыл басынан бері 188 тұрғын орталыққа жеткізілген.
– Тұрғылықты жері анықталмаған адамдар анықталған жағдайда «102» нөміріне қоңырау шалып, хабарлауы керек, – деп атап өтті бөлімде.
Жақында ғана Қамзин, Гагарин мекенжайлары бойынша рейд жүргізілген болатын.
– Әлеуметтік патрульдік мобильдік тобы қалалық полиция қызметкерімен бірлесе қаңғыбас және қайыр сұраумен айналысатын адамдар жиналатын орындар бойынша рейд жүргізді. Бір әйел адамды тауып, орталыққа жеткіздік, – дейді адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығының орынбасары Ардақ Сыздықов.
Сондай-ақ, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар Космонавтар көшесі, 1/50 мекенжайы бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығына өз бетінше жүгіне алады. Ол жерде тұрғындарға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, құқықтық, мәдени, еңбек, экономикалық, заң тұрғысынан көмек көрсетіледі.
Орталыққа 62-30-68, 62-95-73 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.