Павлодар балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның ұсынысына қатысты пікір білдірді

Павлодар балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның ұсынысына қатысты  пікір білдірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның айтуынша, бұл уақыт талабы болып саналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 12 жасқа толмаған балаларды үйде жалғыз қалдыруға тыйым салу туралы бастама көтерген. Себебі, балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалар, яғни өрттер жиілеп кеткен.

 Осы фактілерді талдай отырып,  12 жасқа дейінгі балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға тыйым салатын заңнамалық шараларды әзірлеу қажет деп санаймын. Әрине, бұл ретте қолдауды қажет ететін отбасыларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілетін бағдарламалар ұсынылуы қажет, – деп жазды Динара Зәкиева Instagram парақшасында.

Бұған Павлодардың балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шәкенева әріптесін қолдап, өз пікірін білдірді.

–    Бұл уақыт талабы болғандықтан, осы ұсынысқа оң көзқараспен қараймын. Тіпті, үйде қараусыз қалдыру салдарынан қаза болып, жарақат алған балалардың саны артып келеді. Үйде жалғыз қалған балалар өртеніп, терезеден құлап, дәрілерден, спиртті ішімдіктерден, сірке суынан уланып, ток соғудан және т.б. қайтыс болады, – деп түсіндірді балалар омбудсмені.

Сәуле Шәкенева мысал ретінде облыстағы бір ауылдың жағдайын келтірді. Ата-анасы үш жасар қызын жеті жасар ұлына қалдырып, өздері қалаға кеткен. Балалар жеке үйде үш сағаттан астам жалғыз отырған. Балалармен ештеңе болмаған, өйткені ұл бала сабаққа келмеген соң мұғалімдер дабыл қаққан.

Көптеген Instagram қолданушылары бұл жаңалық туралы посттардың астына ашулы пікірлер қалдыруда.

«Балаларымызды қайда қалдырамыз? Бізге жұмыс істеуі керек ғой!», «Осылай болса, 12 жасқа дейін жәрдемақы төлеңдер!», – деп жазады ата-аналар Instagram желісінде.

Балабақшалар, туыстар бар, ақыры бала күтушіні жалдауға болады. Біздің елімізде балаға үш жасқа дейін күтім қажет. Заң бойынша ата-ана балалары үшін толықтай жауапты, – деді Сәуле Шәкенева.

Сондай-ақ, Динара Зәкиева осы бастамамен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуді ұсынды.