Павлодарда теміржолшы дәуіріне арналған жаңа ескерткіш орнатылды
Локомотив депосы аумағында магистральдік жолаушылар тепловозы орнатылып, оған 2003–2011 жылдары депоға басшылық еткен Қалтай Әбдіразақовқа арналған ескерткіш тақта қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында тек техникалық экспонат қана емес, толық бір кәсіби дәуірдің символы және өмірін теміржолға арнаған адамдарға деген құрметтің белгісі бой көтерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тепловоздың «мәңгілік тұрағына» жетуі оның қызметі секілді қызық әрі маңызды болады. Тепловозды орнына орнатпас бұрын инженерлік-техникалық күрделі операция жүргізілген. Ол арнайы резервтік базаға алынған және өз жүрісімен жеткізілген. Депоның қасына орналастыру үшін мамандарға уақытша теміржол жолын салуға тура келген.

Ашылу салтанатында алғыс сөздер мен естеліктер айтылды. Локомотив депосының қазіргі басшысы Алмас Төлеубаевтың айтуынша, Қалтай Әбдіразақовтың есімі ұжымдағы әрбір адамға етене таныс.
– Барлығы Қалтай Әбдіразақовты, оның еңбегін жақсы біледі. Ол – локомотив шаруашылығына елеулі үлес қосқан жан. Бұл ескерткіш ең алдымен жастарға үлгі, ал ересек ұрпақ үшін естелік болып қалары сөзсіз, - деді ол.
Депоның бұрынғы басшысы туралы әріптестері ерекше құрметпен айтып, оны өз ісін адал, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған, артында жақсы ат пен әріптестері үшін жылы естеліктер қалдырған еңбекқор адам ретінде еске алды. Ол талапшыл, бірақ әділ болған, әріптестерімен қолжетімді қарым-қатынасты тең ұстаған жан. Сонымен қатар, өзі бір кездері машинист болып жұмыс істегендіктен, кәсіпті ішінен жақсы біліп, лайықты беделге ие болған.

Айта кетелік, 100 жылдан астам уақыт ішінде депоны 17 адам басқарған. Олардың әрқайсысы кәсіпорынның дамуына, ұжымның нығаюына, өндірістік тәртіпке және теміржол дәстүрлерінің сақталуына өз үлесін қосқан. Жаңа ескерткіш осы тарихқа үйлесімді қосылған. Тепловоз жанында Павлодар теміржолшылары ұрпақтарының еңбегін еске алып, ойлануға арналған естелік алаңы — саябақ жасақталған.