Павлодар дәрігерлері АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсітуге қарсы үндеу жасады
Павлодар облысында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы әдістемелік және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Жүсіпованың айтуынша, АИТВ-мен күресте халықтың ақпараттануы мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі айрықша маңызға ие.
– АИТВ инфекциясының алдын алуда әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды. Өзінің АИТВ-статусын білу, уақтылы тексерілу және қажетті жағдайда емді ерте бастау – инфекцияның таралуын тежеудің негізгі жолдарының бірі. Өкінішке қарай, қоғамдағы стигма мен кемсітушілік кейбір адамдардың медициналық көмекке жүгінуіне кедергі келтіреді. Сондықтан біз тек инфекцияның алдын алу туралы ғана емес, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға түсіністікпен қарап, олардың құқықтарын құрметтеу қажеттігін де түсіндіреміз, – дейді Гүлнар Жүсіпова.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта Павлодар облысындағы АИТВ инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша өңірде АИТВ-мен өмір сүретін 2909 адам тіркелген. Оның ішінде Павлодар қаласында – 2079, Ақсу қаласында – 313, Екібастұз қаласында – 249 адам.
2026 жылдың алғашқы он айында облыста АИТВ инфекциясының 135 жаңа жағдайы анықталған. Олардың 85-і ер адам, 50-і әйел. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың осы кезеңінде 191 жаңа жағдай тіркелген. Ал биылғы қазан айында облыс бойынша 12 жаңа жағдай анықталды.
Бүгінде облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында 2497 адам диспансерлік есепте тұр. Олардың 1464-і ер адам, 1033-і әйел. Сонымен қатар, есепте 18 жасқа дейінгі 23 бала бар.
Диспансерлік есептегі адамдардың 2484-і антиретровирустық терапия қабылдайды. Осылайша, еммен қамту көрсеткіші 99,5 пайызды құрап отыр.
Мамандардың айтуынша, АИТВ инфекциясын ерте анықтап, емді уақытылы бастау адамның өмір сүру сапасын жақсартып, денсаулығын ұзақ жылдар бойы сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі медицинада антиретровирустық терапияның көмегімен вирустың көбеюін бақылауда ұстауға болады.
Алайда АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілік әлі де өзекті мәселе болып отыр. Кейбір азаматтар өзінің мәртебесін жария етуден, тест тапсырудан немесе мамандардан кеңес алудан қорқады. Мұндай жағдай инфекцияны дер кезінде анықтауға және медициналық көмекке қол жеткізуге кедергі келтіреді.
Сондықтан биылғы науқан аясында тұрғындарға АИТВ-ның күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас арқылы берілмейтіні, инфекция жұқтырған адамдармен бір ортада жұмыс істеу, оқу немесе араласу қауіп төндірмейтіні де түсіндіріледі.
Орталық мамандары тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден бас тартуға, медициналық тексеруден уақытылы өтуге және өз АИТВ-статусын білуге шақырады.
