Павлодар емханаларында педиатриялық жүйе толық жаңартылды

Павлодар емханаларында педиатриялық жүйе толық жаңартылды
Фото: Ақмарал Есимханова

Балалар денсаулығын бақылау күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста педиатриялық қызметті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары балалар дәрігері мамандардың тапшылығы байқалғандықтан, жоғары оқу орындары бұл бағытта мамандар даярлауды қайта қолға алды. 

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Павлодар облысына жұмыс сапары аясындағы баспасөз мәслихатында айтты.

Салалық министрлік басшысының айтуынша, педиатриялық қызметті күшейту өткен жылдың басынан басталған. Нәтижесінде оң көрсеткіштер тіркелді.

- Соңғы екі жылда Қазақстанда бір жасқа дейінгі сәбилер арасындағы аурушаңдық 25%-ға төмендеген. Сонымен қатар өлім-жітім көрсеткіші  өткен жылдың қорытындысы бойынша 22%-ға азайған. Қазіргі таңда патронаждық қызметке де ерекше көңіл бөлінген. Орта буын медицина қызметкерлері жеке бөлімше ретінде қарастырылып, бүгінде 4000-нан астам маман отбасыдағы балалардың жағдайын бақылап отыр. Олар әр баланың әлеуметтік және медициналық тәуекелдерін анықтайды, - деді ол.

Балалар денсаулығын қадағалау сапасын арттыру мақсатында арнайы ерте диагностика бөлімшелері ашылып, жыл соңына дейін республика бойынша толық іске қосылмақ.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бағыттағы жұмыстың маңыздылығы бұл педиатриялық қызметті әлсірету емес, керісінше күшейтуге арналған шаралар. Халықаралық тәжірибе де осы бағыттың тиімділігін дәлелдейді.

Кадр тапшылығын шешу үшін педиатрия бағыты қайта қаралды. Резидентурада балалар дәрігерлерін даярлау бөлек бағыт ретінде бөлініп, арнайы қаржыландыру қарастырылған.