Павлодар гүлденеді: қалада «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды жүруде

Қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл игі іске қала тұрғындары да атсалысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков өзінің Instagram-парақшасында мәлімдегендей, өткен аптада облыстық сенбілік өтті, оған мыңдаған қала тұрғыны қатысты. Екі жүзге жуық арнайы техника жұмылдырылып, 4000 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 400-ге жуық ағаш отырғызылды.
– Көктем басталғалы қаланы тазарту және көркейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Аялдамалар, қоршаулар, жарық және бағдаршам бағаналары, орындықтар тазартылып, боялып жатыр. Жол белгілері, жол үстіндегі жолақтар боялуда. Павлодар қаласын көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл 20 мың ағаш отырғызылады, 35 мың гүл егіледі, қала көшелеріндегі ағаштар реконструкциядан өткізіледі, – деді қала әкімі бейнежазбада.
Айта кетейік, биыл қала субұрқақтары әдеттегіден ерте іске қосылды. 17 шағын саябақты абаттандыру жұмыстары басталды, сондай-ақ қаланың 50 аула аумағында жаңа балалар ойын алаңдары орнатылатын болады.
Шаһар басшысының айтуынша, қала тазалығын сақтау – бұл біздің ортақ міндетіміз. Әкім барлық қала тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram