Биыл Павлодар облысында маса мен шыбын-шіркей қаптай ма?

Қыста бұл бағытта іс-қимыл алгоритмі әзірленген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол үшін препараттар жеткізіліп, техника дайындалды және мамандар оқытылды.
– Биыл Павлодар облысында маса мен шыбын-шіркей қаптай ма? Аймақ ерекшеліктерін және Ертіс жайылмасының ұзындығын ескерсек, бұл «қыста қар жауа ма?» деп сұрағанмен тең. Әрине, ауа райы жылынғаннан кейін шыбын-шіркейдің болатыны сөзсіз, сондықтан біз оған қарсы күресті ертерек, яғни көктем мезгілінен бастадық, – деп жазды облыс әкімі Асайын Байханов Іnstagram парақашсында.
Облыс әкімі ғылыми топпен бірге Ақсу, Павлодар және бірнеше жағалау маңындағы аудандарды ұшып өтті. Жайылманы су басудың болжамды деңгейі 90% дейін, бұл – өткен жылдан шамамен 30 мың гектарға артық.
Бұл ретте, өңдеу шаралары кешенді түрде, яғни шыбын-шіркейдің дернәсіл және қанаттанып ұшу кезінде жүзеге асырылуда. Қансорғыш жәндіктерге қарсы күресте өзен, әуе және жергілікті тосқауыл қою әдістері қолданылуда.
Соңғы бірнеше жылда тұрғындарымыздың жайлылығы мен табиғат арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, жаппай шыбын-шіркейдің қаптауына тосқауыл қойылды. Аймақ басшысы биылғы маусым да аймағымыз үшін жайлы өтеді деген үміт білдірді.
Тұрғындар жұмыстар барысын қадағалап, туындаған ұсыныстарды @gnus.tabigat_pv парақшасына жібере алады.