Павлодар облысы қашан толығымен орталықтандырылған сумен жабдықталады?

Павлодар облысы қашан толығымен орталықтандырылған сумен жабдықталады?
Фото: Константин Шелков

Ағымдағы жылы 2,2 миллиард теңге сомасына бес жоба іске асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Күлбаршын Арынова мәлім етті. 

Өңірде 352 ауылдық елді мекеннің ішінен орталықтандырылған сумен жабдықтауға 224-сі қол жеткізді. 96-сында кешенді блок-модульдер орнатылған және төрт  ауылдық елді мекенде топтық су құбырынан қоректенетін су құбыры бағандары бар.  Қалған 28-інде ұңғымалардан су пайдаланылады.  

Биыл 16 ауыспалы жобаның 2,2 миллиард теңге сомасына бес жобаны іске асыруға қаражат көзделген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша барлық жобаларды іске асыруды ескере отырып, қолжетімділікті 99,3 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Ауылдық елді мекендерде халықтың жүз пайыздық қолжетімділігіне қол жеткізу үшін іске асырылып жатқан барлық 16 жобаны аяқтауымыз қажет, – деді Күлбаршын Арынова.

Оның сөзінше, Успен ауданының төрт ауылдық елді мекенінде төтр кешенді блок моделін орнату қажет. Бұл – Ольховка, Травянка, Дмитриев, Календаров ауылдары. Сондай-ақ, Баянауыл ауданының екі ауылдық елді мекені бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және түзету жұмыстары жүргізілуде. Тағы сол ауданның екі жобасын іске асыруға қаражат бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Сондай-ақ, халықтың саны 50 адамнан кем болатын 13 ауылдық елді мекенде су мәселесі бойынша іс-шараларды орындау қажет. Олардың ішінде Май ауданының бес ауылдық елді мекенін топтық су құбырына қосуды жоспарлап отырмыз. Железин ауданының екі ауылында және Тереңкөл ауылының үш ауылында суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату жоспарлануда, – деді спикер. 

Сондай-ақ басқарма басшысы  Ақсу қаласының ауылдық аймағы, Павлодар ауданы және Успен ауданындағы үш ауылдық елді мекенді оңтайландыру қажет екенін атап өтті.