Ертіс – Успен арнасында жұмыстар 70% орындалды
Жоба бес жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов өңірге жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Негізгі нысандардың бірі Мичурин және Павлодар ауылдары арасындағы Ертіс – Успен суару жүйесін салу жобасы болды.
– Бұл ауқымды жоба бес жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта жұмыстар 70% орындалды. Тапсырыс берушілердің айтуынша, нысан 2024 жылдың соңына дейін аяқталады, – деді Әшімбетов.
Еске сала кетейік, былтыр облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс – Успен арнасы жобасын жергілікті бюджет есебінен аяқтауды ұсынған болатын.
Жобаны 2022 жылы аяқтау жоспарланған, бірақ 2021 жылы жұмыс тоқтатылды: республикалық бюджеттен ақша бөлінбеді. Салдарынан канал құмға толып, шөп басып кетті. Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде фермерлер жем-шөп алып, жергілікті нарықты көкөністер және картоппен қамтамасыз етеді, осылайша бағаны тұрақтандыруға болады.