Павлодар облысы инвестициялардың өсу қарқыны бойынша үздік үштікке енді

Павлодар облысы инвестициялардың өсу қарқыны бойынша үздік үштікке енді
Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімдігінде әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын ала қорытындылары мен бюджетті игеру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2024 жылдың 11 айы ішінде өңір экономикасына 943 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Өнеркәсіп саласында 3 триллион теңгеден астам сомаға өнім өндірілді, бұл 2023 жылғы деңгейден 4,6%-ға артық. 

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 9,4% өсімге қол жеткізілген өңдеу секторы негізгі драйвер болып қала береді. Құрылыс көлемі 317,8 миллиард теңгені құрады, бұл 2023 жылғы кезеңнен 15,2 %-ға артық.

– 2024 жылдың 11 айында кірістер бойынша облыс бюджеті 100,5%-ға орындалды, жоспардың асыра орындалуы – 1,6 миллиард теңге. Бюджет 98,1%-ға игерілді, – делінген хабарламада.

Өңір басшысы Асайын Байханов қазір қалалар мен аудандар әкімдерінің алдында биылғы жылдың барлық макро көрсеткіштерін орындау және өңір экономикасының белгіленген өсу қарқынын сақтау үшін барынша күш салу міндеті тұрғанын атап өтті.