Шетелдік инвесторлар Павлодар облысының дамуына үлес қосуда

Шетелдік инвесторлар Павлодар облысының дамуына үлес қосуда
Фото: Валерий Бугаев

28 миллиард долларға индустриялық мегажобалар іске асырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарымен кездесу барысында облыстың тұрақты дамып келе жатқанын, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім барын атап өтті.

Ірі жобалар қатарында: инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асатын жаңа электрометаллургиялық кәсіпорын салу, 12 және 15 млрд долларға қытайлық инвесторлармен индустриялық мегажобаларды іске асыру, Ертіс өзені арқылы өтетін көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау, трамвай паркін жаңарту, әлеуметтік инфрақұрылымды ұлғайту.

– Барлық айтылған жобалар тұрғындардың сұранысы. Біз бұл мәселелерді шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Сіздердің осы бастамаларды республикалық деңгейде ілгерілетуге қолдау көрсететіндеріңізге сенімдіміз, - деді облыс әкімі депутаттарға.

Сонымен қатар, сумен қамту және денсаулық сақтау салаларына да басымдық берілді. №1 қалалық аурухананы қайта жаңарту, су құбырларын жаңғырту және ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету бойынша әкімдік тарапынан бірқатар өтінімдер қолдау үшін ұсынылды.