Павлодар облысы Мембасқару академиясына түскендер саны бойынша 3-орында

Павлодар облысы Мембасқару академиясына түскендер саны бойынша 3-орында
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Академия 12 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

2025 жылдың 1 сәуірінен бастап ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратураға және  докторантураға құжаттарды қабылдау басталды. Өтініштер «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылданады. 

– Академия 12 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдайды, олардың ішінде тоғызы – магистратура, үшеуі – докторантура бағдарламалары. Биыл магистратураға – 120, докторантураға 12 мемлекеттік грант бөлінді. Айта кетерлігі, біздің өңір Мемлекеттік басқару академиясына түскен азаматтардың саны бойынша үшінші орында. Бірінші және екінші орында Астана және Түркістан облыстары, – деді  академияның Павлодар облысы бойынша филиал директоры Самал Жарғақова.

2023-24 оқу жылдары аймақтан тоғыз адам оқуға аттанған. Бұл ретте, грантқа оқуға түскен азаматтардың жұмыс орны сақталады және соңғы алып жүрген еңбекақысы көлемінде шәкіртақы төленеді. 

Сондай-ақ, 2025 жылғы қабылдау науқанының басты жаңалықтары мен өзгерістері аясында «Цифрлық мемлекеттік басқару» жаңа бағдарламасы іске қосылған.  

– Бір жылдық бағдарламаға цифрлық даму саласында жұмыс істейтін және бейінді жоғары білімі бар, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар үміткерлер қатыса алады. Оған қоса, мемлекеттік қызмет өтіліне қойылатын талаптар артты. Барлық магистратура бағдарламаларына қабылдану үшін мемлекеттік қызмет өтілі екі жылдан үш жылға дейін ұзартылды.   «Мемлекеттік басқару» бағдарламасына – кемінде бес жыл,  «Мемлекеттік саясат» бағдарламасына – кемінде төрт жыл еңбек өтілі талап етіледі, – деді Самал Жарғақова.

Сонымен қатар, енді ақылы бөлімде тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері де оқи алады.

Үміткерлерде  мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растайтын В1 деңгейінен төмен емес QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты, MPA, MIR магистратура бағдарламаларына және докторантураға ағылшын тілінен бір халықаралық сертификаты болуы шарт. 

Айта кетейік, алғашқы іріктеу кезеңі 28 маусым – 1 шілде аралығында онлайн форматта аналитикалық эссе жазумен басталады. Екінші кезең – офлайн сұхбат 8–23 шілде, аралық нәтижелер 25 шілдеде жарияланады. Оқу процесі дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады.