Павлодарлық жастар жұмыс іздеуге арналған мобильді қосымша ойлап тапты

Павлодарлық жастар жұмыс іздеуге арналған мобильді қосымша ойлап тапты

Ақпараттық технологиялар колледжінде екі күндік «Satbayev IT-CAMP» фестивалі өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара білім ордасының 55 жылдығына және Қаныш Сәтбаевтың алдағы 125 жылдығына арналды. 

Хакатон қатысушыларына адам өмірінде маңызы зор жоба құрастырып шығу үшін бір тәулік берілді. Қазылар алқасының шешімімен жас павлодарлық дизайнерлер мен Californium әзірлеушілерінің құрамасы үздік деп танылды.  Команда құрамында Виктор Харченко, Александр Кислянский және Эдуард Плахонтников болды.  Жастар жұмыс іздеуге арналған мобильді қосымшасын таныстырды. 

Екінші орынды қоқыс жинайтын робот жобасымен ВКЭиК командасы иеленді. Команда мүшелері – Александр Бородулин, Айтмағамбет Амангелді, Рахат Ауталипов, Тимур Елубаев.

Үшінші орын CodeQueen командасына бұйырды. Ақпараттық технологиялар колледжінің екінші және үшінші курс студенттері Мария Столярова, Кристина Пчельникова, Екатерина Войтенко және Людмила Панкова онлайн курстар алаңын жасады. 

«Satbayev IT-CAMP» бағдарламасы аясында 5-7-сынып оқушылары арасында робототехникадан турнир ұйымдастырылды. Бұл сайыста бірінші орынды Ақсу қаласының КЕО қосымша білім беру мектебінің өкілдері – Cbum family командасы, екінші орынды Ақсу қаласының №8 орта мектебінің жігіттері Cyber командасы иеленді.

Хакатон мен робототехника турнирінің барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне колледж серіктестері – «Солид Групп» ЖШС, «Троя» ЖШС және «Bilim» ғылыми-өндірістік орталығы электроника дүкенінен сертификаттар ұсынылды.

Сонымен қатар, «Satbayev IT-CAMP» бағдарламасында IT-HUB Jylyjai базасында колледж студенттері шеберлік сағаттарын өткізіп, сала сарапшылары сөз сөйледі. Ертіс өңірінің жас кәсіпкерлері  стартаптарының презентациялары болды. 

12 команда әлеуетті инвесторларға өз жобаларын көрсетті. Оның ішінде тамшылатып суарудың жетілдірілген жүйесі, қайта өңделетін материалдардан экокірпіштер өндірісі, спортшыларға арналған цифрлық платформа, балаларға арналған қазақ тілін үйренуге арналған мобильді қосымша және тағы басқалары бар.