Павлодар облысы тағы да ең көп ішімдік тұтынатын облыстардың қатарына енді
Өңір екінші жыл қатарынан еліміздегі ең көп ішімдік ішетін үш аймаққа кіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz таратқан мәліметке сүйенсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, биылғы жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда әрбір үй ішімдік ішуге орта есеппен 5,5 мың теңге жұмсаған, бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға артық.
Алкогольге ең көп жұмсаған Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары: 9,5 мың теңге, жылдық өсім құндық көрсеткіште 14,8% құрады. Сонымен қатар, ең көп ішімдік пайдаланатын өңірлердің үштігіне Павлодар облысы (9,5 мың теңге, минус 2,9%) және Алматы (8,9 мың теңге, плюс 20,5%) кірді.
Керісінше Қызылорда (1,2 мың теңге), Ақтөбе (1,4 мың теңге) және Маңғыстау (1,5 мың теңге) облыстарының тұрғындары алкогольді ішімдіктерге ақшаны аз жұмсаған.
Бағаға келетін болсақ, ағымдағы жылдың тамыз айында айлық динамика бойынша алкогольдік өнімдер 0,4%-ға, жылдық динамика бойынша 9,3%-ға қымбаттаған. Сусын түрлері бойынша бір ай ішінде шарап – 0,8%-ға, сыра 0,5%-ға қымбаттады, арақ 0,2%-ға арзандады. Жылдық динамикада сыра – 14,4%-ға, шарап– 9,9%-ға, арақ 3,6%-ға өсті.
Өңірлер бойынша бір айда алкогольдік өнімдер құнының айтарлықтай өсуі Астана қаласында (2,1%-ға), сондай-ақ Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында (әр өңірде 1,8%-ға) байқалды. Үш облыста – Жамбыл, Павлодар және Қостанай облыстарында баға өткен айдың деңгейінде қалды. Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау және Алматы облыстарында алкоголь бағасы арзандады.
Ең көп жылдық өсім Ақмола (17,4%-ға) және Қызылорда (16,7%-ға) облыстарында, сондай-ақ Шымкентте (14,6%-ға), ең азы – Павлодарда (2,2%-ға), Жетісуда (4,7%-ға) байқалды.