Павлодар облысы жолдарында автоматтандырылған таразы орнатылмақ

Павлодар облысы жолдарында автоматтандырылған таразы орнатылмақ
Фото: автор

Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында автомобиль жолдарын дамыту және олардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баяндамамен Павлодар облысы көлік және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Фархат Оспанов сөз сөйледі. Оның айтуынша, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5 515 шақырымды құрайды. Оның ішінде 3 852 шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар.

- Биыл өңірде республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттер есебінен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге бағытталған 104 жоба іске асырылуда. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 342 шақырымды құрайды, ал бұл жұмыстарға 33 миллиард теңге бөлінген. 2026 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 97 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, - дейді спикер.

Сонымен қатар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау аясында шұңқырларды жөндеу және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Отырыста жолдардың сақталуын қамтамасыз ету және ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Фархат Оспановтың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында көліктік бақылаудан 1 776 автокөлік өткен. Тексеру нәтижесінде 270 әкімшілік материал рәсімделіп, оның 22-сі салмақтық және габариттік параметрлерді асыру фактілері бойынша толтырылған. Сонымен қатар көлік құралдарын тиеу кезінде рұқсат етілген салмақтан асыруға жол берген 21 жүк жөнелтуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Осы кезеңде көліктік бақылау инспекциясы ауыр салмақты және ірі габаритті көлік құралдарының жүруіне 6 864 арнайы рұқсат берген.

Жиында автоматтандырылған салмақтық бақылау жүйесін енгізу мәселесі де кеңінен сөз болды. Баяндамашының айтуынша, облыста республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында, сондай-ақ Павлодар қаласы аумағында автоматтандырылған салмақ өлшеу станцияларын орнату жоспарланып отыр.

- Қазіргі уақытта Майқайың – Екібастұз автомобиль жолында осындай автоматтандырылған салмақтық бақылау станциясын орнату жобасы жүзеге асырылуда. Мұндай кешендер ауыр жүк көліктерінің салмақтық параметрлерін автоматты түрде тіркеп, жолдардың мерзімінен бұрын бүлінуінің алдын алуға мүмкіндік береді, - дейді Фархат Оспанов.

Талқылау барысында қоғамдық кеңес мүшелері автоматтандырылған салмақ бақылау станцияларын жолдардың жүк ағыны жоғары учаскелерінде жеделдетіп орнатудың маңыздылығын атап өтті. Олардың пікірінше, салмақтық бақылауды күшейту автомобиль жолдарының қызмет ету мерзімін ұзартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ ауыр жүк көліктерін пайдаланушылар мен жүк жөнелтушілер арасында түсіндіру жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды. Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілетін профилактикалық іс-шаралар барысында тасымалдаушыларға қолданыстағы заңнама талаптары, маусымдық шектеулер және салмақтық нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілік түсіндіріледі.

Отырыс қорытындысы бойынша қоғамдық кеңес жолдардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған салмақтық бақылау жүйесін одан әрі дамыту және жоспарланған іс-шараларды уақтылы іске асыру жөнінде ұсыныстар берді.