Павлодар облысына 50-ден астам жаңа автобус жеткізіледі
Жартысынан астамы облыс орталығына жөнелтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде автомобиль көлігі саласында 181 маршруттық қатынас жұмыс істейді, оның ішінде жетеуі – халықаралық, бесеуі – облысаралық, 32-і – облысішілік, 68-і – ауданішілік және 69 қалалық (оның ішінде 14 трамвай) маршруттары бар. Осылайша 85% немесе 293 ауылдық елді мекен жолаушылар тасымалымен қамтылған.
– Жолаушылар тасымалының тұрақты жұмыс істеуі және тарифтердің қолжетімді деңгейі мақсатында ағымдағы жылы 126 маршрут субсидияланады. Биыл азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде оқушыларды қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен және тегін жол жүрумен қамтамасыз ету үшін қалалар бюджетінде 1,6 миллиард теңге көзделген, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар.
Қалалық қоғамдық көлік желісіне тартылған 259 автобустың жеті жылдан астам мерзім жұмыс істейтін 27 көлік бар. Олардың тозуы 10% -ды құрайды.
– Мәселен, қалалық автобус паркінің тозуын төмендету мақсатында өткен жылдан бастап лизингтік кредиттеу бағдарламасы аясында өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 199 жаңа қалалық автобус сатып алынды, – деді басқарма басшысы.
2024 жылдың соңына дейін қосымша 54 автобус жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде 40 көлік – Павлодарға, ал 14-сі Екібастұзға жөнелтіледі.