Павлодар облысының әкімі Екібастұздың жазғы жоспарымен бөлісті

Павлодар облысының әкімі Екібастұздың жазғы жоспарымен бөлісті

Кеншілер қаласындағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккен пәтерлерді жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов БАҚ өкілдерімен кездесуінде Екібастұздың қазіргі жағдайы туралы айтып берді. 

Екібастұзда қарашаның 27-сі болған апаттан кейін жағдай дәл осындай қиын болатынын ешкім нақты білмеді. Бүгінде апаттан зардап шеккен 252 пәтердің 220-сында жөндеу аяқталды. Қалған 32 пәтерде жұмыстар наурыздың аяғына дейін немесе сәуірдің 5-іне дейін аяқталады. Ал, жалпы қазіргі уақытта жылу бар. 65-70 градустың арасындағы температурада жылу соңғы екі жұмадан бері тұрақты беріліп жатыр, – деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі Екібастұздағы жылу станциясы тозғанын және станцияда күрделі жөндеу бірнеше бағытта жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ атқарылатын жұмыстардың жоспарымен бөлісті. 

Жалпы жұмыс төрт бағытқа бөлінген. Біріншісі – жылу беру жүйелеріне аудит жасау. Қалаға жылу беру тек қана станцияға байланысты емес. Жылу берсе де құбырлар ол жылуды жеткізе ала ма, жоқ па? Осы бағытта сәуірдің аяғында техникалық аудиттің қорытындысы шығуы керек, – деді Асайын Байханов. 

Екінші бағыт – Павлодар қаласында тәжірибеге енгізілген жұмыстарға сәйкес жылу желілерінде гидравликалық сынақтарды ұйымдастыру. Сынақтар көктемде және күзде жүргізіледі. 

Жоспар бойынша сынақ кезінде 400-ден астам зақым анықталу керек. Сонда 350 шақырым құбырлардың 40 шақырымға жуығын ауыстыру керек болады. 

Үшінші бағыт – магистралдық құбырларды жаңарту. Төрт магистралдік құбырға құжаттар дайындалып жатыр. Олар мемлекеттік сараптамадан  өтккізілгеннен кейін Абай көшесіндегі №2, 5, 8, 12 магистралдар қайта жаңартылады. Жұмысты мамыр айының басында бастап, қыркүйек айының соңында аяқтау жоспарланып отыр. 

Төртінші бағыт – станциядағы жөндеу жұмыстары. Бұл жерде 10 қазандықтан сегізінде күрделі жөндеу  жүргізу көзделіп отыр. 3 энергетикалық және  5 су жылыту қазандығы жөндеуден өтеді. 

Станция басындағы жөндеуді ОАЕК өзі толықтай жүргізеді. Ол жерде тек қана қазандықтар емес, қосымша құралдарды да жаңарту керек. Станция дұрыс істемегеннен соң қазандықтардың барлығы жиі апатқа ұшырай бергеннен кейін қосымша құралдар әбден тозып кетті, – деді Асайын Байханов. 

Оған қоса, Екібастұз жылу беру станциясының ғимаратын жөндеу жұмыстары жүреді. 

Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығын 5 айда істеп аяқтау қажет. Облыс әкімі алдағы жұмыстарға қатысты уайым бар екенін де жасырмады. 

Шын айтамыз, уайымымыз бар. Өйткені осындай көп жұмысты қысқа мерзімде істеп, нәтижесіне жету үшін біраз күш-жігер салу керек. Жұмыс жоспары нақты ОАЕК-пен, Энергетика министрлігімен және менің қолтаңбаммен бекітілген. Арасында «жылу беру маусымы біткеннен кейін бұл ұмытылып кетеді немесе екінші, үшінші кезекке көшіріледі» деген сияқты пікірлер айтылып жатыр. Олай болмайды. Бұл бірінші кезектегі жұмыс, – деді аймақ басшысы. 

Асайын Байханов Екібастұз  қаласындағы мәселе қысқы мезгілде өзінің жеке жұмыс уақытының 80-85% алса, жазғы уақытта кем дегенде 70% алатынын атап өтті.