Павлодар облысында қай ауданда ҮЕҰ белсенді?
2024 жылы облыста 120-ға жуық әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінің» мәжіліс залында Дүниежүзілік ҮЕҰ күнін мерекелеу аясында облыстың үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері үшін Ашық есік күні өтті.
Аталмыш іс-шара мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара ынтымақтастығына бағытталған. Оған 20-дан астам жергілікті атқарушы орган, 40-қа жуық облыс, аудан көлеміндегі үкіметтік емес ұйымның өкілдері, облыс тұрғындары қатысты. Үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы халықты мазалайтын мәселелермен жұмыс істейді. Жиын диалог алаңы форматында өткізілді.
– Облыста 800-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 100-ден астамы – белсенді үкіметтік емес ұйымдар. Мемлекеттік органдар өз тарапынан сұрақтарды шешуге тырысады. Жыл сайын үйлестіруші кеңесі үкіметтік емес ұйымдармен кездесу ұйымдастырады. Кездесулер жылына төрт рет өткізіледі, – дейді ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ақмарал Манабаева.
Оның айтуынша, Павлодар қаласында 600-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Аудандарда 10-нан астам үкіметтік емес ұйым бар. Аудан бойынша белсенділік танытып, алда келе жатқан – Железин ауданы.
– Менің 85 жастағы күйеуімнің мүмкіндігі шектеулі. Ол актер болған, Оған көмек ретінде мүмкіндігі шектеулі екендігін растау туралы құжаттарды рәсімдеу үшін денсаулық сақтау басқармасына жүгіндім. Олар маған сұрағыңызға міндетті түрде жауап береміз деп айтты, – дейді қала тұрғыны Галина Кожевникова.
Айта кетейік, ҮЕҰ білім, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру, мәдениет, сондай-ақ, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған салалар бойынша дамып жатыр.
– Қазақстан үкіметаралық келісімді ратификациялағандықтан, оған сәйкес соғыс мүгедектерінің 1993 жылдан бастап ай сайын жүз литр шегінде бензин құюға және автомобильге қызмет көрсетуге құқығы бар. Бірақ маған автомобильге қызмет көрсету үшін ақы төленбейді. 1997 жылдан бастап көлікті де алып қойды, – дейді Ауған соғысының қатысушысы, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, мүмкіндігі шектеулі Рахимжон Дидаханов.
Соғыс мүгедегінің сөзінше, ол әкімдікке және барлық ұйымдарға хабарласқан, алайда бұл сұраққа әлі жауап ала алмаған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері жақын арада мәселені қарастыратындарын жеткізген.