Павлодар облысында әлеуметтік орталықтарда жөндеу жұмыстары қалай жүруде
Өңір басшысының орынбасары жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының медициналық-әлеуметтік мекемелеріне жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дәурен Жамбайбек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық балалар орталығы ғимаратының құрылыс жобасымен танысты. Жоба қазірдің өзінде аяқталған және үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында іске қосылуы жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Зеленая роща көшесі, 4 мекенжайында орналасқан Ардагерлер үйіне де барды. Бұл ғимаратта қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды оңалту бойынша облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. 2024 жылы аталған ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарына облыс бюджетінен 211 миллион теңге бөлінді, және бұл жұмыстар уақытында аяқталып, бөлінген қаражат толықтай игерілді.
Алдағы уақытта «Ардагерлер үйі» ғимаратының екінші бөлігін жөндеу үшін 433 миллион теңге қаражат бөлінген. Жөндеу жұмыстары сәуір айынан қазан айына дейін жалғасады.