Павлодарда теміржол вокзалы жаңартылады
Облыс әкімі теміржол вокзалының ғимаратын қайта құру және іргелес аумақты абаттандыру бойынша көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ауданы бес мың шаршы метрден асатын Павлодар теміржол вокзалының ғимараты 1981 жылы салынған. Күн сайын пойыздар 9 теміржол бағыты бойынша жолға шығады, ал, вокзалдың қызметін 1500-ден астам адам пайдаланады. 2022 жылы жалпы жолаушылар ағынының көрсеткіші 570 мыңды құрады.
Бүгінде ғимарат жөндеуді қажет етеді (соңғы рет 2004-2005 жылдары жүргізілген). Уақыт өте келе жаңа стандарттардың енгізілуіне байланысты бұл нысан адамдар көп жиналатын объектілерге қойылатын заманауи талаптар мен нормаларға сәйкес келмейді. Ғимараттың қасбетін, күту залдарын, кассалық залды, жарықтандыруды, жолаушылар платформаларын (перрондарды) және т. б. жөндеу қажет.
- Асайын Байханов теміржол вокзалын қайта жаңарту және маңайлас алаңды одан әрі абаттандыру бойынша көшпелі кеңес өткізді. Облыс әкімі мұндай көлемдегі жұмыстарды жоспарлау кезінде барлық нюанстарды ескеру қажет екенін, қарт адамдарға және азаматтардың басқа да санаттарына ыңғайлы болу үшін лифт орнату мүмкіндігін қарастыру қажеттілігін атап өтті, - деді баспасөз қызметінде.
Өңір басшысы қажетті жөндеу жұмыстарының жобалық шешімдерін реттеуді, функционалдық аймақтарды жеке бөлуді анықтап, ЖСҚ әзірлеуді бастауды тапсырды. Сондай-ақ, Асайын Байханов күзде тұрғындар көп шағым түсірген ақпараттық табло жұмысының мәселесін шешуді тапсырды.
2023 жылдың ақпан айының соңына дейін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына вокзал мен оған іргелес аумақты реконструкциялауды жүргізудің түзетілген жоспарын бекітуге ұсыну тапсырылды.
Фото: Валерий Бугаев