Павлодар облысында «109» нөміріне қандай келеңсіз жағдайлар бойынша хабарласады?

Павлодар облысында «109» нөміріне қандай келеңсіз жағдайлар бойынша хабарласады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тұрғындардың ерекше және қызықты өтініштері тәулік бойы орталықта тіркеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық «109» Бірыңғай байланыс орталығының жетекшісі Абзал Қабдраш қызметке күн сайын әртүрлі әрі кейде ерекше өтініштер түсетінін айтады. Көп жағдайда жалғыз басты зейнеткерлер сағат немесе күнді сұрап хабарласса, ал кейде алкогольдік мас күйдегі тұрғындар такси шақырып беруін немесе Kaspi карточкасына ақша аударуды өтінетін көрінеді. 

– Сондай-ақ, тұрғындар өзен-көлдердегі аққулардың ұша алмауы, еліктердің жарақаттануы, үйге жылан немесе жарғанат кіріп кетуі сияқты ерекше жағдайлар бойынша хабарлайды. Тіпті, көліктің моторына жылан түсу жағдайын айтып, хабарласқандар болды. Барлық осындай өтініштер ветеринария және орман шаруашылығы арқылы жылдам шешіледі, – дейді Абзал Қабдраш.

Орталықта күндізгі ауысымда тоғыз, түнгі ауысымда екі оператор қызмет атқарады. Олар әртүрлі қоңырауларға жауап береді: алғыс, агрессия немесе бейәдеп сөздер кездеседі. 

– Психологиялық жүктемені азайту үшін операторлар тренингтерден өтіп, командалық кездесулер мен ойындар арқылы демалады. Жазғы уақытта апаттық жағдайлар мен жоспарлы тоқтатулардан өтініштер көбейеді. Бір оператор күніне орта есеппен 50-150 қоңырау қабылдайды, – дейді орталық жетекшісі. 

Еске сала кетейік, 2025 жылдың он айында орталық операторлары 89 мыңға жуық өтініш қабылдады, оның 95 пайызы орындалды. Өтініштердің басым бөлігі облыс орталығы тұрғындарынан түседі, ең аз өтініш Аққулы ауданынан тіркелген. Қоңыраулар санының артуы тұрғындардың орталыққа сенімінің артуын және қызметтің нәтижелілігін көрсетеді.