Павлодар облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ескерткіштер абаттандырылуда

Павлодар облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ескерткіштер абаттандырылуда
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы

«AMANAT» партиясы бүкіл ел бойынша ескерткіштерді қалпына келтіру және абаттандыру акциясын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи жадыны сақтау және ата-бабаларымыздың ерлігіне құрмет көрсетудің маңыздылығын үнемі атап өтеді. Президенттің айтуынша, мерейтойлық Жеңіс күні барлық қазақстандықтардың жүрегінде ерекше орын алады, өйткені бұл соғыстың қайғылы оқиғалары әр отбасына әсер етті.

– Биыл сондай-ақ көрнекті батырлардың мерейтойлары атап өтіледі: Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы, Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығы және Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы. Бұл даталар соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігінің ұлылығын еске салып, оларды есте сақтауды міндеттейді. Осы маңызды оқиғалар қарсаңында «AMANAT» партиясы Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткіштерді, обелискілерді, мемориалдық кешендерді және басқа да орындарды абаттандыру бойынша республикалық ауқымды акцияны бастады, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Бастаманы Павлодар облысының партия мүшелері көтерді: облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Александр Терентьев өз қаражаты есебінен Ақтоғай ауданындағы обелискіні қалпына келтіріп, оған іргелес аумақты ретке келтірді.

– Тарихи жадымызды сақтау – ұлттық сана мен патриотизмнің негізі. Біздің партия Ұлы Отан соғысы батырларының ерлігін мәңгі есте қалдыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, – деді халық қалаулысы.

Акция Ақтөбе облысын да қамтыды – Хромтау қаласында «Отан – Ана» ескерткішінің айналасы ретке келтірілді. Қостанай облысында белсенділер «Батырларға тағзым» мемориалының маңын тазалады, ал Қарағанды облысында 101 жастағы тыл ардагері Халима Ғабдрахмановаға арнайы барып, құрмет көрсетті.

Шымкент қаласында 50 жас белсенді Абай саябағы мен 140 мың майдангердің есімі жазылған Даңқ мемориалын тазалады. Жетісу облысында Балпық би ауылында жергілікті тұрғындар панфиловшы батыр Мұсабек Сеңгірбаев атындағы саябақты тазалап, абаттандырды.

Бұл бастама «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра» партиялық жобалары және «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында жүзеге асуда. Партия барша қазақстандықтарды ата-бабалар ерлігіне арналған тарихи жадыны сақтауға өз үлесін қосуға шақырады.