Павлодар облысында 109 қызметіне жасанды интеллект енгізілуі мүмкін

Павлодар облысында 109 қызметіне жасанды интеллект енгізілуі мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

AI тұрғындардың өтініштерін автоматты түрде өңдеп, оларға жауап беру уақытын қысқартуға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, вице-министр Бақтияр Мұхаметқалиев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі цифрлық жобалармен танысты. Ол IT-қоғамдастық және стартап өкілдерімен кездесіп, Павлодар мен Екібастұздағы ахуалдық орталықтардың жұмысын көрді.

Pavlodar Hub алаңында өңірдің нақты мәселелерін шешуге бағытталған бірнеше технологиялық жоба ұсынылды. Олардың бірі – 109 қызметіне жасанды интеллект енгізуге арналған Ping! шешімі.

Жобаны пилоттық режимде сынақтан өткізу ұсынылды. Жасанды интеллект тұрғындардан түсетін өтініштерді өңдеуді автоматтандырып, оларға ден қою жылдамдығын арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, электр энергиясының ажыратылуын жедел анықтауға арналған Barjok жобасын Энергетика басқармасымен бірлесіп енгізу мүмкіндігі қарастырылады. Qoldam жүйесін Павлодарда іске қосып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы дебиторлық берешекпен жұмыс істеудегі тиімділігін бағалау ұсынылды.

Мектептерге арналған Tekser цифрлық жобаларының қолданыстағы пилоттық кезеңдерін аяқтап, нәтижесіне қарай оларды кеңейту мүмкіндігі бағаланбақ.

– Негізгі қағидат – цифрлық жобалар өңірдің нақты қажеттіліктерінен туындап, тұрғындар, бизнес және мемлекеттік басқару үшін өлшенетін нәтиже беруі тиіс, – деп атап өтті министрліктен.

Сапар барысында Павлодар қаласының ахуалдық орталығын дамыту мәселесі де қаралды. Оған өңірлік ақпараттық жүйелерді біріктіріп, проблемаларды болжау мен басқарушылық шешімдер қабылдауға жасанды интеллект құралдарын кезең-кезеңімен енгізу ұсынылды.

Екібастұздағы қалалық және коммуналдық инфрақұрылымды бақылауда қолданылатын тиімді цифрлық шешімдерді облыстың басқа аумақтарына тарату мәселесі де көтерілді.

Сонымен қатар өңірде Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құру ұсынылды. Оның құрамына әкімдік, өнеркәсіптік кәсіпорындар, IT-компаниялар, білім беру ұйымдары мен технологиялық қоғамдастық өкілдері кіруі мүмкін.

Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарына арналған инфрақұрылымның дамуына байланысты энергетика, IT және басқа да технологиялық салалар үшін мамандар даярлаудың жеке бағдарламасын іске қосу ұсынылды.