Қаныш Сәтбаев атындағы арна арқылы су алатын шаруашылықтар саны 2,5 есеге артты
Павлодар өңірінде суармалы егіншілік қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің «ҚазСуШар» РМК «Қаныш Сәтбаев атындағы арна» филиалының Павлодар пайдалану басқармасы 2026 жылы Ерте болжаудың биллингтік жүйесі арқылы шарт жасасқан 40 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіні суармалы сумен қамтамасыз етуде.
Филиалдың Павлодар пайдалану басқармасының бастығы Владимир Егердің айтуынша, өңірде суармалы егіншілікті дамыту бағытында соңғы жылдары айтарлықтай оң өзгерістер байқалады.
– Осыдан үш-бес жыл бұрын су алатын шаруашылықтардың саны орта есеппен 15-17 ғана болатын. Ұзақ уақыт бойы бұл көрсеткіш өзгеріссіз сақталды. Ал бүгінде мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде олардың саны 40-қа дейін жетті, – деді Владимир Егер.
Оның айтуынша, бұған дейін суару маусымында, мысалы, Екібастұз өңірінде, оның ішінде Ақсу ауылдық округінде, Беловка елді мекенінен бірінші сорғы станциясы арқылы Қалқаман бағытына дейінгі аумақтарда шамамен жеті миллион текше метр су пайдаланылып, жеті мың гектар жер суарылған. Бүгінде Екібастұз қаласының маңындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де суармалы егіншілікті белсенді дамытып келеді.
– Шаруашылықтар санының артуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау елеулі ықпал етті. Атап айтқанда, су жеткізу қызметтеріне, тұқымға, мал азығы дақылдарына, жанар-жағармай материалдарына және басқа да бағыттарға субсидиялар бөлінеді. Сондай ақ суару инфрақұрылымын жобалау мен салуға арналған мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалар құрылысқа қаржыландыру алуға мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы.
Нәтижесінде соңғы бес жылда суармалы суды пайдаланатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің саны 15-тен 40-қа дейін өсіп, суармалы жер көлемі шамамен 10 мың гектарға ұлғайды.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы вегетациялық кезеңге жоспарланған су тұтыну көлемі 50,298 миллион текше метрді, ал суармалы жерлердің жалпы ауданы 17 384,156 гектарды құрайды. Бұл алқаптарда негізінен картоп, жаздық дәнді дақылдар, сүрлемдік жүгері, көпжылдық шөптер, күнбағыс және көкөніс дақылдары өсіріледі.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша нақты су тұтыну көлемі 11,233 миллион текше метр болды.
Владимир Егердің айтуынша, қазіргі уақытта су пайдаланушылардың 33-і – суармалы жер көлемі 100 гектардан асатын ірі көпсалалы шаруашылықтар. Олар тұрақты су тұтынуымен, ауыспалы егіс жүйесін сақтауымен және бірнеше су алу нүктесінің болуымен ерекшеленеді.
Ал қалған жеті шаруа қожалығының суармалы жер көлемі 30-дан 100 гектарға дейін. Олар суармалы егіншілікті кезең-кезеңімен дамытып жатқан орта деңгейдегі шаруашылықтар санатына жатады.
Су тұтынуды дәл есепке алу мақсатында барлық су алу құрылыстары су есептегіш құрылғылармен және гидрометриялық рейкалармен жабдықталған. Бұл пайдаланылатын су көлемін тұрақты бақылауға және тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
– Суармалы егіншілікте заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Су жабық суару желілері мен темірбетон науалар арқылы жеткізіліп, тасымалдау кезінде болатын шығындар барынша азайтылады. Ал егістіктерді суару үшін Valley, Zimmatic, Reinke, RKD, Bauer және TL Irrigation маркалы жаңбырлатып суару машиналары пайдаланылады, – дейді Владимир Егер.
Сонымен қатар, су ресурстарын ұтымды пайдалану және заңсыз су алудың алдын алу жұмыстары тұрақты бақылауда. Осы мақсатта арнайы мамандар тобы тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп, рұқсатсыз су алу фактілерін анықтау және олардың алдын алу бағытында жұмыс жүргізіп келеді.