Павлодарға жас сарбаздар келді
Олар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, №5512 әскери бөліміне келген жас сарбаздардың алғашқы легі Абай, Жетісу облыстарынан және Астана қаласынан шақыртылды.
– Әскери бөлімге жаңадан келген 77 сарбазды жауынгерлік өмірге бейімдеу қажет. Ол үшін әскери психолог мамандар әскерге келген әр сарбазбен жеке әңгімелесулер жүргізіп, жан жақты зерделеп, әрі қарай әскери өмірдің қыр–сырын үйрету мақсатында взвод командирлеріне табыстайды, – дейді баспасөз қызметінде.
Сарбаздарды зерделеу кезінде басты назар білім деңгейіне, мамандығының бар болуына, іскерлік және сипаттамалық қасиеттеріне аударылады. Жоспарға сәйкес, жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді. Жас толым үшін Отан алдындағы борышты өтеу – алға қойған алғышарттардың бірі. |
Әскери борыштарын өтеуге келген сарбаздар алдағы бір жыл қызметтері барысында нағыз шыңдалған ер азамат болып шығатындарына сенімді. Ол үшін алдағы бір жыл ішінде тынбай тер төгіп, толықтай әскери өмірді бастан өткеру тиіс.
Айта кетейік, жас сарбаздардың салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі шілде айында жоспарланған.