Павлодарда 20-дан астам отбасы спорттық сайысқа түсті
Ата-аналар мен балалар бір команда болып, ептілік, дәлдік пен күш сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жастар салауатты өмір салты үшін» жастар қоғамдық ұйымының мәліметінше, Отбасы күніне орай қалада «Салауатты отбасы» спорттық-отбасылық байқауы өтті. Жарысқа барлығы 21 команда қатысты. Оның оны Павлодар қаласынан, тағы 11-і облыстың аудандары мен қалаларынан келді.

Әр команданың құрамында әке, ана және бес пен он жас аралығындағы бала болды. Отбасылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті.
«Жылдам старт» эстафетасында қатысушылар шапшаңдықтарын көрсетсе, «Нысанаға дәл тигіз» кезеңінде мергендіктерін сынады. Ал арқан тартуда отбасыларға күшпен қатар ұйымшылдық таныту қажет болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың басты мақсаты жеңімпазды анықтаумен ғана шектелмейді.
– Ата-аналар мен балалар жай ғана жарысып қоймай, өздерін бір команда ретінде сезінетін орта қалыптастырғымыз келді. Спорт арқылы өзара қолдау, жауапкершілік пен салауатты өмір салтының маңызын көрсетеміз. Мұндай шаралар отбасылық байланысты нығайтып, балалардың бойында дұрыс өмірлік ұстанымдарды қалыптастыруға көмектеседі, – дейді ұйымдастырушылар.
Жарыс кезінде балалар мен ата-аналарға арналған қосымша ойындар ұйымдастырылып, аниматорлар жұмыс істеді.

Сайыс қорытындысында үздік үш отбасылық команда ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бірінші орынға – 150 мың теңге, екінші орынға – 100 мың теңге, үшінші орынға 80 мың теңге табысталды.
Жүлдеге ілікпеген отбасылар да сыйлықсыз қалмады. Олардың әрқайсысына 10 мың теңгелік ақшалай сертификат берілді. Барлық қатысушыға белсенділігі үшін сертификаттар табысталды.

«Салауатты отбасы» байқауы «Заң және тәртіп» қағидаты аясында отбасылық құндылықтарды, жауапкершілікті және салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталды.
Іс-шараны «Жастар салауатты өмір салты үшін» жастар қоғамдық ұйымы Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырды.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда Отбасы күніне орай «Baby Start 2026» чемпионаты өткен болатын. Сайыста сәбилер мен олардың ата-аналары түрлі отбасылық эстафеталарда бақ сынады.