Павлодар өңірінде 200-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

Павлодар өңірінде 200-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Олар қарапайым халықты алдаудың жаңа әдісіне көшкен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екі айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысының аумағында интернет-алаяқтықтың 199 дерегі тіркелді. Оның ішінде 59 істе алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банктердің қауіпсіздік қызметі немесе «Egov» қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар облыс тұрғындарының шоттарына алаяқтар тарапынан жаппай несие рәсімдеу әрекеттері жасалып жатқанын айтып, тұрғындардың өздеріне несие рәсімдетіп, кейін «қауіпсіз шоттарға» аудартып отырған.

— Егер сізге құқық қорғау органдарының немесе қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері хабарласса, бірден телефон тұтқасын қойып, полицияға немесе банктің ресми «жедел желісіне» хабарласуыңыз қажет. Тұрғындар интернет арқылы сауда жасауға бейім. Соның салдарынан екі ай ішінде тиімді бағаға тауар сатып алмақ болған немесе сатпақ болған 55 адам алаяқтардың құрбаны болды, — дейді Павлодар облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов.

Тәртіп сақшылары  тұрғындарға өте тиімді бағамен тауар жарнамасын көрсе, алдымен ол дүкеннің шынымен жұмыс істейтінін тексеруді ескертеді. Ол үшін таныстарыңызға, достарыңызға немесе туыстарыңызға хабарласып, олардың сол жерге барып дүкеннің немесе туроператордың бар-жоғын тексеруін сұрауға болады.

Киберполиция қызметкерлері азаматтарды барынша мұқият әрі сақ болуға және алаяқтардың айласына алданбауға шақырады.