Ертіс ауданының тұрғыны мал жайып жүргенде мылтық тауып алды
Мылтықты заңсыз сақтағаны үшін 57 жастағы тұрғынға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс ауданының полицейлері рейдтік іс-шаралар барысында ауыл тұрғынынан тіркелмеген тегіс ұңғылы «ИЖ» маркалы мылтығын және бір ұңғылы Курков мылтығын тәркіледі.
– Маманның қорытындысына сәйкес тәркіленген атыс қаруы зауыттық тәсілмен жасалған және атуға жарамды болып табылады. Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз сатып алғаны, қолданғаны үшін әкімшілік іс қозғалды, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Серік Үсенов.
Ауыл тұрғынының айтуынша, ол мылтықты 2022 жылдың қарашасында мал жаю кезінде тауып алған. Аудандық соттың қаулысымен ер адамға 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Мақсат Көлтайұлы