Павлодар облысында қаржы пирамидалары арбауына түсетіндердің портреті жасалды

Алаяқтықтың құрбаны болған адамдардың барлығы бір мақсатты діттеген – жеңіл ақшаға қол жеткізу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымовтың сөзінше, қаржылық пирамидаларға қатысты кейстерден жинақталып, салымшылардың портреті құрастырылды.
– Әдетте, бұл орта жастағы адамдар. Салымшылардың негізгі бөлігі – жұмыссыздар, жоғары білімі жоқ азаматтар. Бірақ, бірден айта кету керек бұл топқа студенттер мен оқушылар жатпайды. Тәжірибе көрсеткендей, орта жастағы тұрғындар жұмыс іздеп, қаржылық пирамидаларға ұрынады, – деді Ғалиасқар Қасымов.
Сенімін оңай жаулап алуға болатын зейнеткерлер мен егде жастағы адамдар көбіне телефон арқылы алаяқтарға алданып қалады. Олар биржа, криптовалюта, телефонға жүктеу керек бағдарламарды түсіне қоймайды.
– Ешкім заң бойынша жұмыс істегісі келмей, жеңіл ақша тапқысы келеді. Оларды сыйлықтармен, қымбат телефондармен, көліктермен азғыртады. Алаяқтар өздерін ірі кәсіпкер ретінде көрсетеді: тренингтер өткізу үшін мейрамханаларды жалға алады, фуршеттер жасап, әртістерді шақырады. Мұның бәрін адамдар көздерін жұмып, шынымен де кәсіпкерлік қызмет бар екеніне көндіру үшін жасалады, – деп атап өтті Ғалиасқар Қасымов.
Оның сөзінше, қаржылық пирамидалардан жапа шеккен адамдар департаментке қиын жағдайда келіп, көмекке жүгінеді.
– Бізге кепілге алған пәтері тартылып, көшеде қалған, баратын жері де жоқ адамдар келетін. Олар алтын тапсырып, несие алады. Миллиондаған несиеге батып, туыстарын, достарын да несиеге отырғызады. Пәтер, көлікті, яғни барлығын кепілге қояды. Кейін қаржы пирамидасы «жарылып кетеді» де, адамдардың еш нәрсесі қалмайды. Кейбір адамдар үшін бұл қол жұмсаумен аяқталады, себебі олар қысымға шыдамай кетеді, – деді Ғалиасқар Қасымов.
Айта кетейік, департамент күн сайын жаңа пирамидаларды анықтап, тіркейді. Оларды тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана басқармайды. Шетелден қашықтан басқаратын қаржылық пирамидалар аз емес.