Павлодар облысында 700 мың гектардан астам жайылым тозған
Павлодар облысында жайылым қоры жеткілікті болғанымен, шалғайдағы алқаптарды пайдалану мәселесі өзекті күйінде қалып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, бұған жолдардың, суаттардың және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы себеп.
Қазіргі уақытта мал негізінен ауылдардан үш-сегіз шақырым радиуста жайылады. Ал шалғайдағы жайылымдар көлік қатынасы мен су көздерінің болмауына байланысты пайдаланылмай келеді.
– 2022 жылдан бері тұрғындардың мал жаю қажеттілігі үшін Тереңкөл, Ақтоғай және Успен аудандарында 32,5 мың гектар жайылым резервке қойылған. Алайда бұл жерлердің шалғай орналасуы және суаттардың болмауы оларды толық игеруге мүмкіндік бермей отыр. Соның салдарынан ауыл маңындағы жайылымдарға шамадан тыс жүктеме түсіп, олардың өнімділігі төмендеп, топырақтың тозуы күшейген. Жайылым айналымының сақталмауы да осы жағдайды ушықтырып отыр, – деді басқарма басқарма басшысы.
Жүргізілген зерттеу барысында облыста 717,2 мың гектар тозған жайылым анықталды. Оның ішінде 40,1 мың гектары елді мекендер аумағында, ал 389,1 мың гектары жер пайдаланушылардың иелігінде орналасқан. Бұл жерлерді қалпына келтіру үшін көпжылдық шөп егу және шалғындандыру жұмыстарын жүргізу қажет.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға жер пайдаланушыларға тозған жайылымдарды жақсарту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу қажеттігі жөнінде хабарлама беру ұсынылды.
Еске сала кетейік, өңірдегі жайылымдық алқаптардың жалпы көлемі 8,3 миллион гектарды құрайды. Бұл өңір аумағының 66 пайызына тең. Павлодар облысында ауыл шаруашылығы үшін жайылым тапшылығы жоқ деп айтуға болады.