Павлодар облысында екі мыңнан астам пәтер жалға беріледі
Бұл мақсатқа үш миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы облыстық мәслихаттың сессиясында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті.
– 2023-2025 жылдарға арналған нақтыланған бюджетте халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 198 пәтер сатып алуға 2,3 миллиард теңге қарастырылған. Павлодар мен Екібастұзда екі несиелік үй салуға тағы 700 миллион теңге бөлініп отыр , – дейді Ирина Назарчук.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, бүгінде облыста бюджет қаражаты есебінен 17 көпқабатты үй салынуда.
– Салынып жатқан 17 көпқабатты үй 2200-ден астам пәтер немесе 140 мың шаршы метр тұрғын үйге тең. Нысандарды ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ жыл соңына дейін 100 пәтерді тұрғындар қажеттілігі үшін сатып алу жоспарлануда, – дейді Қадылжан Сәтиев.
Бұдан бөлек, Екібастұз қаласының жылу желілерін жөндеу жұмыстарын қаржыландыру жайлы да сөз қозғалды. Бұл мақсатқа екі миллиард теңге бөлініп отыр.
Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, облыстық бюджеттің нақтыланған көлемі 438,3 миллиард теңгеден асқан, оның ішінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен несиелер 66,5 миллиард теңгені құрайды.